Автокөліктің VIN-коды туралы нені білу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Әр автокөліктің өзіндік VIN-коды болады. Ол көлік құралын куәландыруға және техниканың тарихы жөнінде мәліметтерді білуге мүмкіндік береді. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы аталған кодтың автокөлік иелері үшін не себепті маңызды екенін мәлімдеді.
Корпорацияның хабарлауынша, VIN-код — көлік құралын тіркеу кезіндегі ең басты элементтердің бірі.
VIN-код (Vehicle Identification Number) — бұл өндіруші зауыт көлік құралына бір рет қана беретін, 17 таңбадан (әріптер мен сандардан) тұратын бірегей сәйкестендіру нөмірі.
Адамның саусақ ізі сияқты, VIN-код та — әрбір көлік құралы үшін бірегей.
VIN-код арқылы мыналарды білуге болады:
- көлік өндірушісі мен құрастырылған елін;
- көліктің шығарылған жылын;
- моделін және негізгі техникалық сипаттамаларын;
- көліктің сериялық нөмірін.
VIN-кодты мына жерлерден табуға болады:
- көлік құралын тіркеу туралы куәліктен (техникалық паспорттан);
- көліктің шанағынан немесе рамасынан;
- жүргізуші есігінің тіреуішінен немесе есік ойығынан (көлік маркасына байланысты).
Көлік құралын қарап-тексеру және VIN-кодты тексеру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
- алғашқы мемлекеттік тіркеу кезінде (Қазақстан Республикасында өндірілген немесе ресми дилерлер әкелген жаңа автокөліктерден басқа);
- шанағы, шассиі немесе рамасы ауыстырылған кезде;
- көлік құралы қайта жабдықталған кезде;
- көліктің түсі өзгертілген кезде;
- тіркеу деректеріндегі қателерді немесе сәйкессіздіктерді түзету кезінде.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ең көп сатылған автокөліктер белгілі болғанын жазғанбыз.