Автомектептерде курсанттардың сабаққа қатысуы биометриямен тексеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жүргізушілерді даярлау жүйесін цифрландыру мен бақылауды күшейту мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы автомектеп курсанттарын биометрия арқылы сәйкестендіруді енгізуді көздейді. Бастама жалған сертификаттар мен формалды оқытудың алдын алуға бағытталған.

ы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Астанада өткен сарапшылардың дөңгелек үстелінде жаңа цифрлық тетіктердің іске асырылу барысы талқыланды. CarLife.kz өкілі Әділ Әлібеков қазіргі таңда ІІМ енгізген «Автомектеп» ақпараттық платформасы оқу процесін цифрландыруға негіз болып отырғанын атап өтті.

– «Автомектеп» ақпараттық жүйесі – ІІМ-нің есебінде тұрған мемлекеттік ақпараттық жүйе. Жүйенің интеграциялық сервисі Smart Bridge платформасында жарияланған және жалпыға бірдей қолжетімді. Қазіргі уақытта аталған платформа арқылы «CarLife» кәсіби бірлестігіне тиесілі «Avtomektep.kz» мемлекеттік емес ақпараттық жүйесі қосылған. Оның негізінде, полиция ұсынысы бойынша, курсант сабаққа келген кезде биометрия арқылы жүйеде тіркеледі. Осылайша оның оқу орнында екені расталады. Сонымен қатар оқытушының да сабақта болуы міндеттеледі, яғни тікелей оқу процесі жүргізіледі, – деді Әділ Әлібеков.

Маманның айтуынша, жүйе нарықтағы формалды оқыту мәселесін азайтуға мүмкіндік береді.

– Оқу ақысын төмендету арқылы олар шын мәнінде қызмет көрсетпей, тек сертификат сатады. Цифрландыру бұл мәселені жойып, адал бәсекелестікті қалыптастырады, – деді ол.

Дегенмен бастамаға қатысты сын-пікірлер бар. Солтүстік Қазақстандағы жүргізушілерді даярлау ұйымдары қауымдастығының басшысы Виктория Гимельрайх биометриялық бақылау жүйесіне күмәнмен қарайды.

– Біріншіден, бұл адам құқығын бұзады. Екіншіден, кез келген биометрияны айналып өтуге болады. Полиция қызметкері келіп, сабақтың шын мәнінде өтіп жатқанын тексере алады. Бірақ біз жалпы мемлекеттік бақылауға қарсы емеспіз, – деді ол.

Оның пікірінше, мәселені тек цифрлық бақылау арқылы шешу жеткіліксіз, салада кешенді реформа қажет. Бұл ретте депутаттар жүйедегі олқылықтарға жіті назар аударып отыр. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов автомектептердің жұмыс тәртібі толық бақылауда еместігін алға тартқан еді.

– Заң жобасы жүргізушілерді даярлайтын мектептердің қызметін реттеуді көздейді. Қазіргі уақытта елімізде 727 автомектеп бар. Олар «хабарламалық» тәртіп бойынша жұмыс істейді, яғни автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. Egov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізілмейді. Бұл кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне әкеп соғып отыр. Сондықтан енді автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі, – деді депутат.

Еске салайық, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.