Авторларға сыйақы төлеу ашықтығын арттыратын Бірыңғай цифрлік платформа құрылады - Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM —Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
- Аталған заң жобасы биыл 23 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды.
-Оның басты мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру, шығармашылық қызмет нәтижелері мен дараландыру құралдарын пайдалануға қатысты құқықтық қатынастарды дамыту болып табылады. Сонымен қатар, Марракеш келісіміне сәйкес көру қабілеті бұзылған адамдарға автордың келісімінсіз жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделеді. Заң жобасы үш кодекске - Азаматтық, Кәсіпкерлік және Кедендік реттеу кодекстеріне, сонымен қатар авторлық құқық, патент, сауда белгілері және зияткерлік меншіктің басқа да нысандары туралы заңдарды қоса алғанда, алты салалық заңға түзетулер енгізуді көздейді, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Оның айтуынша, заң жобасында тауар белгілеріне сараптау және тіркеу рәсімін жеделдету көзделген. Алдын ала сараптама мерзімі бір айдан 10 жұмыс күніне дейін, ал толық сараптама мерзімі жеті айдан үш айға дейін қысқартылады. Бұл жаңа брендтерді уақтылы қорғауға және үшінші тұлғалардың адал емес әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Патенттік сенім білдірілген өкілдерді -даралау құралдары мен өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша мамандандыру енгізіледі. Қазіргі таңда мұндай мамандандырудың болмауы көрсетілетін қызмет сапасының төмендігін және өтініш берушілер құқықтарының тиімсіз қорғалуын көрсетіп отыр.
- Жұмыс тобының отырыстарында «Авторлық құқық туралы» заңға енгізілген түзетулерге ерекше назар аударылды. Бұл түзетулер ұжымдық басқару саласын цифрландыруға, ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының қызметін ашық етуге және авторларға сыйақыны әділ бөлуге бағытталған. Қазіргі таңда ұжымдық басқару жүйесіндегі басты мәселе – авторлар мен авторлық құқық иелеріне сыйақы төлеудегі ашықтықтың жеткіліксіздігі және толық төленбеуі. Мысалы, 2024 жылы ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары 1,7 млрд теңге жинағанымен, оның тек 53 пайызы ғана авторларға төленген. Ал заң бойынша бұл көрсеткіш кемінде 70 пайыз болуы тиіс. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар аз мөлшерде сыйақы алады. Бұл жүйені реформалау қажеттілігін айқын көрсетеді, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, аталған мәселелерді шешу үшін заң жобасында Бірыңғай цифрлік платформа құру қарастырылған. Бұл платформа авторлар, пайдаланушылар және ұжымдық басқару ұйымдары арасындағы шарттарды электрондық форматта рәсімдеуге, барлық қатысушылардың есебін нақты жүргізуге және жалған мәліметтердің алдын алуға мүмкіндік береді.
- Өз кезегінде, платформа келісімшартқа қол қоюдан бастап сыйақыны төлеуге дейінгі барлық процесті автоматтандырады, авторлар, орындаушылар және пайдаланушылардың өзекті тізілімдерін қалыптастырады. Сонымен қатар, 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының шығындарын 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету көзделген. Бұл шара авторлар мен авторлық құқық иелеріне төлемдерді арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Осыған дейін авторлық құқық саласында не өзгеруі мүмкін екендігі туралы ақпарат жариялаған едік.