Авторлық құқық саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа қалай жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы процестерді ашық жүргізу үшін Бірыңғай цифрлық платформа (БЦП) енгізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова айтты.
Бірыңғай цифрлық платформаны құру зияткерлік меншік саласында бұған дейін жинақталған бірқатар мәселені шешуге бағытталған. Соның ішінде туындылардың пайдаланылуын есепке алу, авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.
— Бұған дейін қолданыста болған тетіктер туындылардың қалай пайдаланылғанын, авторлық сыйақының қалай жиналып, бөлінгенін толық бақылауға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар әкімшілік шығындар жоғары болып, барлық автор мен туындыны пайдаланушыларды есепке алу және туындылардың нақты пайдаланылғанын тіркеу қиындық туғызды, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, платформа енгізілгенге дейін процестердің едәуір бөлігі қағаз түрінде жүргізілген. Атап айтқанда, шарт жасасу, туындыларды пайдалану туралы есеп ұсыну және басқа да рәсімдер қағаз жүзінде атқарылды. Жекелеген жағдайда авторлық сыйақы қолма-қол ақшамен де төленген.
— БЦП бұл процестерді цифрлық форматқа көшіріп, кезең-кезеңімен автоматтандыруға мүмкіндік береді. Платформа авторлар мен құқық иеленушілерді, құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар мен туындыларды пайдаланушыларды бір цифрлық ортада біріктіреді, — деді спикер.
Осылайша, оның айтуынша, авторлар мен құқық иеленушілер өз туындыларының пайдаланылуы және оларға тиесілі сыйақы туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. Платформада шарт жасасу, туындыларды пайдалану есебін жүргізу, есептілік ұсыну, сыйақыны бөлу және төлеу процестері автоматтандырылады.
БЦП-ның 2027 жылғы 1 қаңтарға қарай толық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның әлемдік зияткерлік бәсеке алаңына айналып келе жатқанын айтқан еді.