Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Автосаяхат маусымы: мерекелік демалыста тұрғындар қай бағытпен көп жүргені белгілі болды

АСТАНА.KAZINFORM - 4–6 шілде аралығындағы мерекелік демалыс күндері қазақстандықтардың автомобильмен саяхаттауды белсенді таңдайтынын көрсетті. Үш күн ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 3,9 млн-нан астам жол жүру тіркелді.

көлік, жолдар
Фото: ҚазАвтоЖол

ҚазАвтоЖол мәліметінше, бұл статистика бірегей туристердің нақты санын көрсетпейді. Дегенмен демалыс күндері қай бағыттардың ең сұранысқа ие болғанын айқын аңғартады.

Көлік ағыны бойынша Шымкент – Қызылорда учаскесі көш бастады. Үш күн ішінде бұл бағытта 442 056 жол жүру тіркелді. Оңтүстік бағыт дәстүрлі түрде ең қарқынды бағыттардың бірі саналады. Жаз мезгілінде мұнда қалааралық қатынас та, демалыс орындарына, саяжайларға, туыстарға және туристік маршруттарға баратын көлік легі де артады.

Екінші орында – Астана – Щучинск бағыты. Бұл учаскеде 386 164 жол жүру тіркелді. Аталған көрсеткіш Бурабай курорттық аймағы елорда тұрғындары үшін демалыс күндеріндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін көрсетеді. Үздік үштікке Тараз – Қайнар учаскесі де енді. Мұнда 324 863 жол жүру тіркелген. Сонымен қатар Шымкент – Тараз бағытында 303 800, Шымкент – Өзбекстан шекарасы учаскесінде 269 750 жол жүру тіркелді.

Алматы маңындағы танымал демалыс бағыттарында да қозғалыс қарқыны жоғары болды. Алматы – Қонаев учаскесінде 306 966 жол жүру тіркелді. Сондай-ақ Алматы – Қорғас бағыты бойынша 197 499, Қонаев – Талдықорған учаскесінде 194 119 жол жүру анықталды. Шығыс бағыттар да белсенді пайдаланылды.

Павлодар – Семей – Қалбатау бағыты бойынша үш күнде 198 930 жол жүру тіркелді. Бұдан бөлек, Астана – Теміртау учаскесінде 227 477 және Астана – Павлодар бағытында 217 888 жол жүру тіркелген. Жалпы, мерекелік демалыс күндері ел ішінде демалысқа жиі таңдалған үш негізгі бағытты көрсетті. Олар – елдің оңтүстігі, Бурабай бағыты және Алматыдан Қонаев, Талдықорған мен Қорғасқа шығатын бағыттар.

Оңтүстік және оңтүстік-батыс дәліздеріне 1,5 млн-нан астам жол жүру немесе жалпы көлемнің шамамен 40 пайызы тиесілі болды. Астана және солтүстік өңірлермен байланысты бағыттарда 957 мыңға жуық, ал Алматы бағытында 735 мыңнан астам жол жүру тіркелді. Бұл динамика автомобиль жолдары ішкі туризмнің негізгі құралдарының бірі болып қала беретінін көрсетеді. Қазақстандықтар қысқа сапарлар, табиғат аясындағы демалыс, су жағасына бару және курорттық аймақтарға қатынау үшін жеке көлікті жиі таңдайды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлау, жылдамдық режимін сақтау, ауа райы жағдайын ескеру және жолда демалыс үзілістерін жасау маңызды екенін еске салды.

Ақылы жолдарға қатысты сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Елімізде 10 шілдеден бастап бірқатар автожол ақылы болатынын жазған едік.