«Автоураган» арқылы 23 миллион теңге өндірілді - ОҚО

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полицейлер осыншама қаражатты «Автоураган» жылжымалы кешенін пайдалану арқылы жүзеге асырған. Мұнан бөлек, айыппұлы бар 1000-нан астам машина айыптұраққа жөнелтілген.
«Автоураган» жылжымалы кешені жол жүру ережесін бұзушыларды анықтауда полицейлердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Егерде жол-патрульдік полиция қызметкерлері айыппұлдарды төлемеген жүргізушіні анықтау мақсатында қатарынан бірнеше көлікті тоқтату керек болса, бұл іс «Автоураган» арқылы жылдам жүзеге асады. Атап айтсақ, арнайы база арқылы айыппұл төлемеген жүргізушілердің көлігінің мемлекеттік нөмірлерін анықтап, полиция қызметкерлеріне хабарлап, олар өз кезегінде анықталған көлікті тоқтатады,-дейді департаментің ресми өкілі.
Қазіргі таңда ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің қолданысындағы 2 «Автоураган» жылжымалы кешені облыс орталығының жолдарында қызмет етуде.
Алмас Сұлтан