Суды қайта пайдалану жүйесін енгізу: Автожуу орындары жаңа талапқа дайын ба
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде су тапшылығы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сондықтан да жаңа Су кодексінде кәсіпорындарды кезең-кезеңімен суды қайта пайдаланатын жүйеге көшіру қарастырылған. Соның ішінде автожуу кешендері алдыңғы шепте тұр. Бұл бизнес жаңа талапты орындауға дайын ба? Оның құны қанша және мемлекет қандай қолдау көрсетеді? Kazinform тілшісі кәсіпкерлердің дайындығы мен мәселенің мән жайын зерделеп көрді.
Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және трансшекаралық өзендерге тәуелділік су ресурстарын тиімді пайдалануды өзекті мәселеге айналдырды. Осыған байланысты 2023 жылы елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, саладағы мемлекеттік саясат жаңа бағытқа бет бұрды. Кейін жаңа Су кодексі қабылданып, онда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге басымдық берілді.
Жаңа талаптарға сәйкес суды көп тұтынатын кәсіпорындар кезең-кезеңімен айналымды және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйеслеріне көшуі тиіс. Бұл міндет өндірістік кәсіпорындармен қатар автожуу кешендеріне, химиялық тазалау орындарына, кір жуу қызметтеріне және монша кешендеріне де қатысты.
Мемлекеттің есебінше, мұндай жүйелер ауыз су тұтынуын едәуір азайтып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда кәсіпкерлер бұл талапты орындау үшін қомақты инвестиция қажет екенін айтып отыр.
Өтпелі кезең жеті жылға созылады
– Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жаңа талап бірден енгізілмейді. Кәсіпкерлерге жалпы жеті жылдық өтпелі кезең берілген. Алғашқы екі жыл ішінде көшу жоспары әзірленеді, ал келесі бес жылда кәсіпорындар оны толық іске асыруға тиіс, – дейді Су ресурстарын реттеу, пайдалану және қорғау комитетінің басқарма басшысы Ерлан жұмабаев.
Сондай-ақ су беру ұйымдары техникалық шарт берген кезде нысанның айналымды немесе қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйесімен жабдықталуын ескеретін болады.
Еліміздегі жағдай қандай?
Қазақстан су ресурстары бойынша трансшекаралық өзендерге тәуелді мемлекеттердің бірі. Елдегі 8 су бассейнінің 7-еуі трансшекаралық, яғни олардың су қоры көрші мемлекеттердің аумағында қалыптасады.
– Қазіргі су тұтыну көлемі сақталса және климаттық өзгерістер жалғаса берсе, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін, – делінген ведомствоның ресми жауабында.
Бүгінде республикада жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су пайдаланылады. Оның басым бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі болғанымен, өндіріс орындары мен қызмет көрсету саласында да су тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Осыған байланысты мемлекет су ресурстарын тиімді пайдалану, суды қайта сүзгіден өткізу және айналымды сумен жабдықтау жүйелерін кезең-кезеңімен енгізуді қолға алды.
Ресми статистикаға сүйенсек, әзірге сала жаңа талапқа толық дайын деуге келмейді. Қазақстандағы 2602 автожуу кешенінің небәрі 389-ы немесе шамамен 15%-ы ғана айналымды сумен жабдықтау жүйесін пайдаланып отыр.
Қай өңірлер алда келеді?
Айналымды сумен жабдықтау жүйесін пайдаланатын автожуу орындарының ең көбі Алматы қаласында, Атырау облысында және Астанада тіркелген.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сәйкес:
- Алматы қаласында – 183;
- Атырау облысында – 88;
- Астанада – 50 автожуу орны айналымды су жүйесін пайдаланады.
Өзге өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Сондықтан министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Астанада талап қалай орындалып жатыр?
«Астана су арнасының» мәліметінше, елордада бүгінде шамамен 320 автожуу орны жұмыс істейді. Олардың 40 пайызы айналымды сумен жабдықтау жүйесін енгізсе, қалған 60 пайызына мұндай жүйені енгізу жөнінде хабарлама берілген.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, қалған автожуу орындары 2027 жылдың сәуіріне дейін көшу жоспарын әзірлеуге тиіс. Ал 2030 жылдың сәуіріне дейін айналымды тазарту жүйесін толық орнату талап етіледі. Жаңадан ашылатын автожуу тұрақтары айналымды су жүйесіне көшу жоспарын бірден ұсынуы қажет.
Сонымен қатар бір көлікті жуу кезінде автожуу кешендері ондаған, кей жағдайда жүз литрден астам су пайдаланады. Ал айналымды жүйе пайдаланылған суды арнайы сүзгілер арқылы тазартып, қайта қолдануға мүмкіндік береді.
«Астана су арнасының» есебінше, мұндай технология суды 70-80 пайызға дейін үнемдейді.
Бизнеске қандай ауыртпалық түседі?
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл талаптың экологиялық жағынан тиімді екенін айтады. Алайда кәсіпкерлердің дайындық деңгейі әртүрлі.
Өйткені мұндай жүйені енгізу үшін:
- арнайы жабдық сатып алу;
- монтаж жүргізу;
- тазарту жүйесін салу;
- кейін оған техникалық қызмет көрсету қажет.
Сонымен қатар жабдықтың бағасы да біркелкі емес. Министрлік оның құны автожуу кешенінің көлеміне, өнімділігіне, тазарту деңгейіне, автоматтандыру жүйесіне байланысты өзгеретінін хабарлады.
Қазақстан нарығында отандық өндірушілермен қатар Қытай, Түркия, Ресей және басқа мемлекеттердің жабдықтары ұсынылған.
Мәселен Астанада бес жылдан бері автожуу кәсібімен айналысып келе жатқан өзіне-өзі қызмет көрсету автожуу кешенінің иесі Арман Қайроллаұлы айналымды су жүйесін енгізу идеясын қолдағанымен, қазіргі талаптарды орындау кәсіпкерлер үшін оңай болмай тұрғанын айтады.
Оның сөзінше, айналымды су жүйесіне көшу туралы хабарламаны шамамен үш жыл бұрын алған. Алайда оны енгізу тек сүзгі құрылғысын орнатумен шектелмейді.
– Алдымен пайдаланылған суды жинайтын арнайы бассейн салу керек. Мамандардың айтуынша, оның көлемі кемінде 5×5×1,5, яғни 37.5 текше метр болуы тиіс. Су сол жерде жиналып, кейін ғана тазарту жүйесіне жіберіледі. Сонда ең үлкен шығын сүзгі құрылғысына емес, инфрақұрылымды қайта жасауға кететін болып тұр, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде мұндай тазарту қондырғысының өзі шамамен 1,9 млн теңге тұрады. Бірақ бұл сомаға құрылыс-монтаж жұмыстары кірмейді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда мұндай жабдықты жеткізетін компаниялар көп емес. Нарықта негізінен Қытайда өндірілген қондырғылар ұсынылады.
Сонымен қатар кәсіпкер тазартылған судың сапасына қатысты да күмән барын айтады.
– Мамандардың айтуынша, судың толық көлемін қайта пайдалану мүмкін емес. Белгілі бір бөлігі ғана қажетті деңгейде тазарады. Егер судан иіс шығып тұрса немесе сапасы төмен болса, клиенттердің сенімі азаяды, – дейді Арман Қайроллаұлы.
Соған қарамастан мемлекеттік органдар айналымды сумен жабдықтау жүйесін енгізу ұзақ мерзімде су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Ал автожуу кәсібіне арналған арнайы мемлекеттік субсидия немесе жеңілдетілген несие қазіргі таңда қарастырылмаған. Алайда «Атамекен» ҰКП мұндай талаптарды енгізу кезең-кезеңімен жүргізіліп, кәсіпкерлерге бейімделу уақыты берілуге тиіс деп есептейді.
Олар сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын енгізетін бизнеске экономикалық ынталандыру тетіктерін қарастыру орынды болатынын айтады.
Халықаралық тәжірибе не дейді?
Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде министрлік Еуропалық одақ елдерінің, Сингапурдың, Израильдің және су тапшылығы жоғары басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеген.
Бұл елдерде өндірістік суды қайта пайдалану тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан.
Қазақстан да осы бағытқа кезең-кезеңімен көшуді жоспарлап отыр.
Автожуу орындарын айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшіру бүгінгі таңда тек экологиялық бастама ғана емес, болашақтағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады.
Министрлік жеті жылдық өтпелі кезең кәсіпкерлердің жаңа талаптарға бейімделуіне жеткілікті уақыт деп есептейді. Алайда қазіргі көрсеткіштер, кәсіпкерлердің пікірі және мемлекеттік қолдаудың болмауы сала бұл өзгеріске толық дайын деп айтуға әлі ерте екенін көрсетеді.