Аягүл Миразова: Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, бұл - оқушының бақыты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Бүгін 1 қыркүйек - Білім күніне орай «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» медалі мен «Отан» орденінің иегері, Алматы қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Миразова осылай деді. Оның айтуынша, балалардың арасында жүріп, олардың қуанышы мен жеткен жетістіктеріне куә болу, соған үлес қосу - ұстаздардың бақыты. Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері тағы бірқатар сұрақтарға жауап берді.
None
None

- Аягүл Төреқызы, Сіз үшін биылғы Білім күні несімен ерекшеленді?

- Әрбір оқу жылының өз міндеттері мен талаптары болады. Биыл ерекше жыл. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен негізгі заңымыз - Конституцияның 20 жылдығын және Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Демек, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға бірінші кезекте осы атаулы күндердің маңызын түсіндіріп, олардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіруіміз қажет. Атқарылатын жұмыстар өте көп. Енді мектептің жақсылығы, нәтижелі болуы -ол ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Оқушылардың мектепке күліп кіріп, күліп шығуы - ұстаздар жетістігінің айқын көрінісі. Ұстаздар шығармашыл, ізденімпаз болса, шәкірттерге деген ілтипаты мен берері мол болса, бұл оқушылардың бақыты. Сондықтан, бүгін мектепке келген балалар мен олардың ата-аналарына мектеп талаптарын түсіндіріп, баланың білімді және тәрбиелі болуына күш салуымыз керек. Бұл - үлкен жұмыс.

- Өзіңіз басқаратын мектеп-гимназияның табалдырығын биыл тұңғыш рет қанша бала аттады?

- Шынын айту керек, келушілер саны көбейіп жатыр. Негізі біздің мектеп онша үлкен емес, 800 орындық. Ал бізде қазір 1350 бала оқып жатыр. Қазақ мектептерінде бала санының артып жатқандығы өте қуанарлық жағдай. Оның үстіне қазір ата-аналар әйтеуір барса, болды деп балаларын үйлерінің қасындағы мектепке бере салмайды. Таңдайды. Алыстығына қарамай жақсы мектепке бергісі келеді. Бұл да қуантады. Бұл ата-ананың бүгінгі таңда баласының біліміне, болашағына бей-жай қарамағандығы. Бізде биыл 144 бала мектеп табалдырығын аттады. Олар үшін 4 сынып ашылды. Әр сыныпта 36 баладан. Кабинеттердің аздығына байланысты осындай шектеуге баруға тура келді. Әйтпесе, кем дегенде 10 сынып ашуға тура келер еді.

- Сіз бұл мектепті талай жылдан бері басқарып келесіз. Бірақ, бүгінгі салтанатты жиында мектепте енді бір емес, екі директордың болатындығын айтып қалдыңыз.

- Енді әр нәрсенің шегі болуы керек деп ойлаймын. Менің педагогика саласында жүргеніме 44 жылдан асып бара жатыр. Кезінде қарапайым мұғалім болдым, кейін оқу ісінің меңгерушісі болдым, Ал мектеп директоры болып қызмет атқарып келе жатқаныма биыл 25 жыл болады. Мен әріптестеріме, қол астымдағы мұғалімдерге, басшыларға ризамын. Қазір қол астымда талай жыл еңбек еткен педагог Эльмира Бидайбаева өзімнің өтінішім, ұсынысым бойынша директордың міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бірақ, бұл мені мектептен кетеді деген сөз емес. Мен негізі ұстаздыққа жақын адаммын. Сондықтан, енді әрі қарай биіктемесек, төмендемеуге, мектептің бұдан әрі дамуына күш саламыз. Кеңес беруге, көмектесуге қашанда дайынмын. Бұған сенімдімін.

- Аягүл Төреқызы, білікті де патриотты жастарды өсіп-жетілдіруде педагогтардың атқарар рөлі ерекше. Осы орайда ұстаздар қауымына айтар тілегіңіз.

- Енді отанды сүю отбасынан басталады ғой. Демек, ата-аналарға да артылар жауапкершілік үлкен. Біздің отанымыз - Қазақстан. Бізде басқа отан жоқ. Болашақ жастардың қолына. Сондықтан, отанын сүйетін, еліне қызмет ететін, ата-анасын әлпештейтін, ұстазын сыйлайтын азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, бұл міндетіміздің орындалғаны. Ұстаздардың жүгі жеңіл емес. Ұстаз ретінде әріптестеріме денсаулық тілеймін. Еңбектері жансын. Сол еңбектерінің рахатын көрсін. Беделімізді жоғалтпайық. Ұстаз деген ұлы атқа қай заманда да сай болайық.

Соңғы жаңалықтар