Айбек Дәдебай Құрылтайдың алдағы міндеті турасында: алда қыруар жұмыс күтіп тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Басты міндет — оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру. Бұл туралы ҚР Құрылтайының төрағасы Айбек Дәдебай мәлім етті.
— Маған зор сенім артып, кандидатурамды ҚР Құрылтайының төрағасы лауазымына ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіремін. Құрылтайдың барша депаттарына да қолдағаны үшін рахмет айтамын. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік. Президент бүгін алдағы жұмыс бағытымызды, нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты және қажырлы еңбекті талап етеді. Сонымен қатар, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол — еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру. Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуы тиіс. Басты міндет — оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру, — деді А. Дәдебай.
Осы орайда ол Құрылтайға артылар жүк пен жауапкершілік өте салмақты екенін еске салды.
— Біз халықтың жоғары сенім мандатына ие болдық. Сол сенім жұмысымыздың басты бағдарына және оның нәтижесінің негізгі өлшеміне айналуы тиіс. Құрылтай еліміздің одан әрі жаңғыруына тың серпін беретін, конструктивті қоғамдық диалогқа жол ашып, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуы тиіс. Осы тұрғыда біз жұдырықтай жұмылып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз. Алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Осы жауапты жолды бірге еңсеріміз деп кәміл сенемін, — деді Құрылтай төрағасы.
Бұған дейін хабарланғандай, Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болды.