Айбек Оралбай Азия чемпионатының алтынын ел қоржынына салды
АСТАНА. KAZINFORM – Айбек Оралбай Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында топ жарды.
Финалда қазақстандық боксшы Қытай құрамасының атынан сынға түскен этникалық қазақ Данабек Байқонысты жеңді. Осылайша ол ерлер арасындағы бәсеке бойынша ел қоржынына төртінші алтын медальді салды.
Айта кетейік, бұған дейін Айбектің бауыры Нұрбек Оралбай Азия чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының сапынан Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін) пен Сабыржан Аққалықов (75 келіге дейін) алтын жүлде иеленсе, Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) финалда жеңіліп, күміс медальмен шектелген еді.
Сондай-ақ финалдық жекпе-жектен кейін 2026 жылғы Азия чемпионы атанған Оразбек Асылқұлов пікір білдірді.