Айбек Смадияров пандемия кезінде Уханьнан студенттерді қалай алып шыққандарын еске алды
«Уханьда коронавирус ошағы анықталған кезде ең бірінші біздің елдің студенттерін тасымалдаған ұшағы ұшып келді. Біздің Бейжіңдегі дипломаттардың мықтылығы сонша, ең бірінші болып біздің ұшақ 3 мемлекеттің студенттерін алып шықты.
Ухань қаласы жабық, аэродром жабық. Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, бір адам кіріп, шыға алмайды. Танкімен де тұрды, бәрімен тұрды. Қытай азаматтары қашып та жатты, кіріп те жатты. Соның арасынан 200-300 студентті қалай алып шығамыз деп күні-түні ойландық. Ұшақ дайын, ақша бар, студенттер бір қонақүйге жиналған, бәрі дайын. Бірақ, кіріп-шығу қиын. Қытай билігінің өкілдеріне хабарлассақ, бір де бір нотамызға, бір де бір телефон қоңырауына жауап бермейді. Сонымен Қытайдың осы жердегі Елшілігі арқылы сөйлесіп, Бейжіңдегі билікпен мәселені шешті. Бізге аз ғана уақыт берді.
«3 сағаттарың бар. Сол уақыттың ішінде қонып, студенттеріңді алып шықсаңдар, шықтыңдар. Үлгермесеңдер, қала жабылады», - деді. Бізге ғана сондай талап қойылды. 3 сағаттың ішінде кіріп, алып шықтық»,- деп еске алды СІМ ресми өкілі.
Оның айтуынша, алғашында коронавирус туралы мәліметтің аз болуы Уханьға барған экипаждың ішінде біраз үрей тудырған.
«Ұшақ келіп қонғаннан кейін экипаж далаға шыққысы келмейді. Қорқады, коронавирус жаңадан шығып жатқандықтан қалай болатынын ешкім білмейді. Содан еліміздің Сыртқы істер министрлігінен қытайша білетін адам іздедік. Бір адам шығып, тізімдегі студенттерді түгендеп, жергілікті билік өлкідерімен қағаз алмасып, «осынша студентті алып шығып бара жатырмыз» деп визаларды дұрыстап, алып шығуы керек еді. Ол адамды табу оңай болған жоқ. Қытайша білетін дипломаттардың арасында біраз дау болды. Солардың арасынан бір жігіт шықты. Сол барып, 3 сағаттың ішінде 200-ден астам адамды ұшаққа алып келді», - деді Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің өкілінің сөзіне қарағанда, пандемия кезінде ведомство тарапына әлеуметтік желі арқылы жүгінушілердің саны еселеп артқан.
«Коронавирус кезінде әлеуметтік желіде біздің министрлікті тэгтеушілер көп болды. Сағатына мыңнан аса тэг шығып жатты. «МИД, помоги!», «Токаев, отправь самолет!», «Мы тут умираем!» деген сияқты тэгтің бәрі орысша кетті. Біз не істейміз? Біздің мемлекет қана емес, бүкіл ел жабылып қалды. Әуежайлар жұмыс істемейді. Мемлекеттер арасындағы шекаралар жабық. Өмірі жабылмайтын Шенген елдері шекараларын жауып тастады. Оны айтасыз, мына Мәскеудегі Шереметьево мен Внуково әуежайларының арасында байланыс жоқ. Біздің Еуропада жүрген азаматтар Внуковоға ұшып келеді, Қазақстанға Шереметьеводан ұшуы керек. Арада 1 сағат уақыт қана бар. Внуководан Шреметьевоға 1 сағаттың ішінде ұшып келе алмайды. Мәселені шешу үшін еліміздің Премьер-Министріне хабарластық. Біздің Премьер-Министр Ресей Премьер-Министріне телефон шалып, екі әуежай арасына біздің азаматтарымызға жеке конвой беріп, тасымалдауға рұқсат сұрадық. Яғни кішігірім жұмыс болса да, жоғары деңгейде шешімін табатын мәселелер бар»,- деді СІМ ресми өкілі.