Айбынды әскер - Тәуелсіздік тірегі

Кейіннен еліміздің Отан қорғаушыларының еңбегін бағалаудың тамаша көрінісі болып саналатын осынау құжат Н. Назарбаев ұсынғандай Парламентке еніп, заң шығарушы орган оны құптады. Сондықтан да, биыл 7 мамыр - Отан қорғаушы күні мейрамы Қазақстанда мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет атап өтілмек.
Тәуелсіздіктің тарихымен ұштастыра қарасақ, 7 мамыр еліміз үшін шын мәнінде ерекше күн. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық армияның құрылуы 1992 жылдың 7 мамырына дөп келді. Осы күні ҚР Президенті Н. Назарбаевтың арнайы жарлығы шығып, соған орай бұл күн Отан қорғаушы күні деп анықталған болатын. Дегенмен, бұл қандай кезең еді? Егемен елдің алғашқы Қарулы Күштері қалай құрылды? Бүгінгі мемлекеттік мәртебеге иеленген мереке күнінің мәнін жете ұғыну үшін де осы мәселелерді еске алған орынды тәрізді.
Тарихпен қатталған ресми мәліметтерге сүйенсек, Қарулы Күштерді құру қадамы 1991 жылдың күзіне қарай қолға алына бастаған еді. Нақтыласақ, егемен елдің қалыптасуы да, оның дербес әскерінің құрылуы да аса күрделі геосаяси үдерістер аясында жүрген болатын. Шебі сетінеп, керегесі ыдырай бастаған Кеңес Одағының шаңырағы құлаудың сәл алдында тұрды, ал осындай күйреуден кейін бірқатар өңірлерде қақтығыстар да белең ала бастаған. Оның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне Ауғанстандағы соғыс анық әскери қауіп тигізетіндей еді. Кавказда Әзірбайжан мен Армения арасында соғыс тұтанса, басқа да аймақтарда қақтығыстардың тұтануы шапшаң да болатындай көрінген. Дәл осындай кезеңде мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдарының бірі ҚР Президентінің 1991 жылғы 25 қазанда шыққан «Қазақ КСР-і Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. Ал содан кейінгі 16 желтоқсанда қол жеткен Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң қабылданып, онда «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықталды.
Кейіннен генерал Сағадат Нұрмағамбетов басшылық ететін Мемлекеттік қорғаныс комитеті ауқымды жұмыстар атқарды. Кешегі кеңестік кеңістікте болып жатқан оқиғаларға талдау жасалып, кейіннен Қазақстан аумағында орналасқан әскери бөлімдерге, қару-жараққа, әскери техникаға, полигондардың мүлкі мен ғылыми-техникалық жабдықтарына, әскери зауыттардың өндірістік жабдықтарына түгендеу жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Кейіннен Қазақстан өзінің дербес Армиясын құруға заңды құқығын 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды. «Ол кезде бізде қазақстандық жаңа әскер қандай болуы керек, әскери құрылыстың қандай жолдарын таңдаған жөн деген сұрақтарға дайын жауап болмады. Кеңес Одағының ыдырауы қордаланып қалған саяси, этностық және әлеуметтік қарама-қайшылықтарды жалаңаштап берген кезең еді, содан барып «югослав сценарийінің» мүмкін болатын қатері туындады, ал бұрынғы КСРО-ның жекелеген өңірлерінде, өкінішке қарай, сол қарама-қайшылықтар тікелей қарулы қақтығыстарға ұласты. Екінші жағынан, жаңа саяси нақтылықта дербес өмір сүру күн тәртібіне Қазақстанның әскери саладағы егемен саясатын әзірлеуді шығарды. Бізде кадрлар болмады, тәжірибе жоқ еді. Егемен Қазақстанның әскері қандай болуы керек дейтін түсінік болмады. Осындай жағдайда республика аумағындағы Орта Азия және Түркістан әскери округтері мен Ауғанстандағы соғыстан шыққан 40-шы армиядан қалған барлық бөлімшелерді Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімдері деп жариялауға шешім қабылданды. 1992 жылғы 7 мамырда мен қол қойған Жарлық осындай еді», - деп еске алады Елбасы Н. Назарбаев Қарулы Күштердің 15 жылдығына арналған сөзінде.
Шындығында, тәуелсіз елдің Қарулы Күштері де дайын қалпында құрыла қалған емес. Бұнда да түйткілді мәселелер жеткілікті болатын. Оның ең бастысы кадр, тәжірибе мәселесі еді. Өйткені, Одақ ыдырап, оның аясында қызмет еткен түрлі ұлт өкілдері өз еліне кетіп жатқан тұс еді. Оларды ұстап тұру да мүмкін емес. Мәселен, сол кездегі деректерге қарағанда, 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адамдық топтастығы болды. Ал арадағы 2,5 жыл ішінде, яғни 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі тізімдік құрамның 89 пайызына жеткен. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40, ал Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайыз ғана жасақталыпты. Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары; киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағар май материалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызметтерінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоатқыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болмаған екен. Бәрі әскерді тастап, өз елдеріне кеткен.
Алайда тынымсыз әрекеттің арқасында Қарулы Күштер құрдымға кетпей, керісінше аяғынан нық тұра алды. Бастапқыда офицер құрамы жетіспеушілігін толтыру үшін 3-тен 9 айға дейінгі мерзімде кіші лейтенанттарды даярлау курстары ашылды. Қорғаныс министрлігі армияда қызмет ету тәжірибесі бар прапорщиктер мен мерзімінен тыс әскери қызметтегілер қатарынан осындай курстарға кандидаттар іріктеуге айрықша назар аударды. Кейіннен, 1993 жылы қабылданған Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасы қабылданып, ол Қарулы Күштердің қалыптасуы мен орнығуы кезеңінде Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шаралар кешенін айқындады. Ал осы кездерде қабылданған базалық заңдар қорғаныс саясаты саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етіп, әскери қызметшілер үшін әлеуметтік кепілдіктерді белгіледі, мемлекеттің әскери ұйымын құрудың іргетасын қалады. 1997 жылғы ақпанда Қарулы Күштердің Әскери академиясы құрылып, ол кейіннен Ұлттық қорғаныс университеті болып өзгертілді. Қазіргі кезде енді түрлі бейіндегі әскери оқу орындарының дамыған желісі түзілді. 1999 жылы алғаш рет 2005 жылға дейінгі кезеңге арналған Мемлекеттік әскери құрылыс бағдарламасы қабылданып, ол мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың кезеңдері мен бағыттарын анықтады. Әскери география елеулі өзгерістерге ұшырады. Әскери округтер, содан кейін барып өңірлік қолбасшылықтар қазақстандық әскери қауіпсіздіктің жаңа заманауи элементтеріне айналды. Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Қазақстанның екінші Әскери доктринасы қабылданды. Соның негізінде төрт әскери-аумақтық құрылымдар - «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылып, негізгі әскери құрылымдардың үш тегі қалыптасты. 2002 жылы әскерде бюджеттік қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 1 %-ынан кем болмауы тиіс деп белгіленді. Мұның өзі әскери дайындықтың интенсивтілігін елеулі түрде арттыруға, материалдық-техникалық қамтамасыз ету проблемаларын шешіп, әскери қызметшілердің ақшалай қамтылуын ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2003 жылы Қарулы Күштердің үш түрлілік құрылымы бекітіліп, Аэроұтқыр әскерлер, Ракета әскерлері мен артиллерия, Қарулы Күштердің тылы секілді дербес құрамдастар бөлініп шығарылды. 2006-2010 жылдарға арналған Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. 2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды.
Ал 2011 жылы жаңа Әскери доктрина бекітіліп, соның негізінде Қарулы Күштердің жаңаша һәм заманға сай дамуы жалғасуда. Бұдан бөлек, 2016 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы, «Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметкердің мәртебесі туралы» Заңдары сияқты маңызды құжаттар қабылданды. Осындай қадамдардың арқасында Қазақстанда заманауи, қорғаныс пен ұрысқа барынша қабілетті Қарулы Күштер қалыптасып, одан сайын даму үстінде. Қазақстанның армиясы жаңартылып, оның күш-қуаты нығайтылып қана қоймай, әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері де уақытында шешімін тапты. Ең бастысы, жауынгерлердің бойына отаншылдық рухты сіңіріп, әскери қызметтің абыройын асырып, беделін көтеру мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі Отан қорғаушы күнінің мемлекеттік мереке дәрежесін алуы да соның айғағы. Мемлекет басшысы, ҚР Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Назарбаевтың сөзімен қорытсақ: «Жауынгер деген ат қадірлі де қасиетті ұғым. Өйткені әскери адам оттан ыстық Отан шебін қорғайды. Ашық аспан, бейбіт өміріміздің тірегі де, қорғанышы да - солар. Сол себепті де халқымыз оларды айрықша қастер тұтып, ел үшін жандарын қиған батырларды жырға қосып, аттарын аңызға айналдырған. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы - біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы».