Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласында іске қосылатын ірі жобаларды атады

АСТАНА. KAZINFORM –Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласында іске қосылатын ірі жобаларды атады. 

Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласында іске қосылатын ірі жобаларды атады
Фото: ҚР Сауда министрлігі

— 2026 жылы жалпы сомасы 394 млрд теңге болатын 50 жобаны іске асыру және 2,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Соның ішінде 6 ірі жобаға тоқталғым келеді. Жамбыл облысында «Фуфенг Груп» жобасының бірінші кезеңінде 300 мың тонна жүгеріні терең өңдеу көзделген. Алматы облысында «Fruit Art» компаниясы 25 мың тонна жеміс-жидектерді өңдеу бойынша үшінші кезеңін іске асырады. «Шин-Лайн» балмұздақ өндірісін 35 мың тоннаға дейін ұлғайтады және «Қапшағай Бидай Өнімдері» жобасы 250 мың тонна шамасында астық және майлы дақылдарды өңдейді, — деді ол.

Министрдің дерегінше, Қостанай облысында «Баян Сұлу» кондитерлік өнімдер өндірісін 13 мың тоннаға арттырады. Абай облысында «Евразия Агро Семей» 7,2 мың тонна шұжық өнімдерінің өндірісін іске қосады.

— 2027 жылы жалпы сомасы 874,3 млрд теңге болатын 26 жобаны іске асыру және 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Оның ішінде Астана қаласында 250 мың тонна бидай және 80 мың тонна бұршақ өңдейтін «Tiryaki Holding» жобасы, Ақмола облысында жылына 1,0 млн тонна бидай өңдейтін «Dalian Hesheng Holding Group» жобасы және 1,0 млн дана жұмыртқаны терең өңдеу бойынша «KazEggs» компаниясы, Алматы облысында 210 мың тонна картоп өңдейтін «PepsiCo» жобасы және 150 мың тонна мал мен өсімдік өнімдерін өңдеу бойынша «Mars» жобасы бар, — деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар ол «UBM групп» компаниясының Қостанай облысында 100 мың тонна құрама жем өндірісі және Алматы облысында 48 мың тонна қоспа өндірісі іске асырылып жатқанын атап өтті.

— 2027 жылғы ірі жобаларды іске асыру — қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, — деді министр. 

Айта кетелік биыл 9 айда 2,5 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды

Соңғы жаңалықтар