Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Айдос Қадылұлы атты қандасымыз Азия ойындарында Қытай құрамасы сапында күреседі – шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Айдос Қадылұлы
Фото: mp.weixin.qq.com

Өзбекстан мен Қазақстан трансшекаралық ауаның ластануына қарсы бірлесіп күреседі – ӨзА 

Өзбекстан мен Қазақстан трансшекаралық ауаның ластануына қарсы бірлесіп күреседі
Фото: uza.uz

Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық ауа ластануын азайту және атмосфералық ауаның сапасын жақсарту бағытында бірлескен шараларды жүзеге асырады. Бұл мәселе Ташкенттегі Green University – Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруін зерттеу университетінде өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Хабарламада айтылуынша, жиынға екі елдің экология, гидрометеорология және ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысып, ауа сапасын бақылау, мониторинг жүйелерін жетілдіру және PM10, PM2.5 ұсақ бөлшектерінің таралуын зерттеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Кездесу барысында трансшекаралық ластануды азайту үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Қазақстан делегациясы Өзбекстанның «Таза ауа» жобасы аясындағы бастамаларымен танысты. Тараптар экологиялық ақпарат алмасуды күшейтіп, ғылыми зерттеулерді үйлестіру арқылы Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Алматы Орталық Азияның іскерлік және туристік жетекші орталығына айналады – Eurasia Today

Алматы
Фото: eurasiatoday.ru

Алматы Орталық Азиядағы жетекші іскерлік және туристік орталық ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отыр. Қалада туризм инфрақұрылымын дамыту, халықаралық іс-шаралар өткізу мүмкіндігін кеңейту және заманауи туристік экожүйе қалыптастыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылу үстінде.

Бұл туралы Бішкекте шығатын «Eurasia Today» ақпарат агенттгі Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады. 

Келтірілген деректерге сүйенсек, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, қалада MICE-туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта халықаралық деңгейдегі жаңа көрме кешенін салу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, нысан алғашқы жылы 50 мың турист тартса, бес жылдан кейін бұл көрсеткіш жылына 200 мың адамға жетуі мүмкін.

Сондай-ақ, жоба экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттардың бірі ретінде бағаланып, оның әсері 75 миллион АҚШ долларынан асуы мүмкін. Сонымен қатар қала инфрақұрылымын жаңғырту, әуежайды дамыту және туристік нысандар санын арттыру Алматының халықаралық тартымдылығын күшейтіп, іскерлік сапарлар мен инвестиция көлемін арттыруға ықпал етеді.

Қазақстанның этнографиялық мәдени көрмесі Шанхайда ашылды – Халық газеті

қытай
Фото: kaz.people.cn

Қытайдың Шанхай қаласында Қазақстанның этнографиялық мәдени көрмесі ашылды. Шараны Шанхай қалалық тарих музейі мен Қазақстанның Алматы музейлер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, әлемдегі ең ірі құрлық мемлекеті ретінде Қазақстан - ежелгі Жібек жолындағы маңызды торап. Көрмеде Қазақстанның ежелгі тарихы мен этнографиясын таныстыратын 100-ден астам экспонат қойылған. Экспозиция қола дәуірінен бүгінге дейінгі мәдени дамуды қамтып, көшпелі өркениеттің тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен рухани мұрасын таныстырады. Көрме 30 тамызға дейін жалғасады.

Айта кетейік, Шанхай мен Алматы 2025 жылы бауырлас қалалар мәртебесін алған. Көрме екі қала арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Астанада «Сәлем, Қытай!» туризмді насихаттау іс-шарасы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

қытай
Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Астанада «Сәлем, Қытай!» туризмді насихаттау іс-шарасы өтті. Жиынға Қазақстандағы Қытай елшілігінің Кеңесші-министрі Чэн Кэфань, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туризм департаментінің директоры Дәмиля Құнанова, сондай-ақ екі елдің туристік компаниялары, әуе тасымалдаушылары мен БАҚ өкілдерін қоса алғанда 70-ке жуық адам қатысты.

Іс-шара барысында Қытайдың туристік бағыттары мен ішкі туризм өнімдері таныстырылып, әуе компаниялары ұшу бағыттары мен туристік маршруттарын ұсынды. Сонымен қатар туризм саласындағы кәсіпкерлер арасында B2B кездесулер ұйымдастырылды.

Жиын аясында Ганьсу өлкесінің Цзяюгуань қаласының туризм қауымдастығы мен Қазақстанның Еуразиялық туризм қауымдастығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ «Әдемі Қытай» атты туристік фотокөрме ұйымдастырылды.

«Мұхаммед» Англия мен Уэльсте үшінші жыл қатарынан ең танымал ұл есімі болды – ParsToday

Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы (ONS) жариялаған 2025 жылғы мәліметке сәйкес, «Мұхаммед» Англия мен Уэльсте жаңа туған ұл балаларға қойылған ең танымал есім атанды. Осылайша бұл есім үшінші жыл қатарынан көш бастап отыр, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі. 

Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы Англия мен Уэльсте дүниеге келген 5 957 ұл балаға Мұхаммед есімі берілген. Бұл көрсеткіш бойынша Noah (Нұх) есімі екінші, Leo үшінші орынға тұрақтады. Қыз балалар арасында Olivia оныншы жыл қатарынан ең танымал есім атанса, Lily екінші, Amelia үшінші орынға жайғасты.

Parstoday ақпарат агенттігінің келтірген деректеріне сүйенсек, сарапшылардың пікірінше, кең таралған есімдер рейтингінде өзгерістер бірден болмайды және белгілі бір есім танымалдыққа ие болған соң, ұзақ уақыт бойы көшбасшылық орнын сақтап қалуға бейім.

Түркия халқының саны бойынша әлемде 18-ші ел болды – TRT

түрік
Фото: trtkazakh.com

Түркия халқының саны бойынша әлемде 18-орынға тұрақтады. Түркия Статистика басқармасының «Дүниежүзілік халық күні – 2026» бюллетеніне сәйкес, ел халқы 86 миллион 92 мың 168 адамды құрап, әлем халқының шамамен 1 пайызын құрайды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

«TRT»-ның дерегінше, БҰҰ-ның болжамына сәйкес, 2025 жылдың ортасында әлем халқының саны 8,23 миллиард адамға жеткен. Халқы ең көп елдер қатарында Үндістан, Қытай және АҚШ көш бастап тұр. Бұл үш мемлекет әлем халқының 39,2 пайызын құрайды.

2025 жылғы дерек бойынша, әлемде балалардың үлесі 29,3 пайыз болса, Түркияда бұл көрсеткіш 24,8 пайызды құрады. Ал 15–24 жас аралығындағы жастардың үлесі әлемде 15,6 пайыз, Түркияда 14,8 пайыз болып тіркелді. Екі көрсеткіш те әлемдік орташа деңгейден төмен болғанымен, Еуропалық Одақ елдерінің барлығынан жоғары.

Әлемде 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі орта есеппен 10,4 пайызды құраса, Түркияда бұл көрсеткіш 11,1 пайызға жетті. Осылайша, Түркиядағы қарттар үлесі әлемдік орташа деңгейден жоғары болғанымен, Еуропалық Одақ елдеріне қарағанда төмен деңгейде қалып отыр.

Сондай-ақ осы аптада «Түркияда жазғы демалысқа арналған бес тамаша мекен» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

түрік
Фото: trtkazakh.com

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Еуропада рекордтық аптап ыстық сақталып жатқан тұста Түркия саяхатшыларға жазғы демалысты салқын климатта өткізуге болатын бірнеше бағытты ұсынады. Елдің таулы өңірлері, орман алқаптары мен Қаратеңіз жағалауы оңтүстіктегі танымал курорттарға балама ретінде ұсынылған.

Тізімге Артвиндегі Шавшат, Чанаккаледегі Бозджаада аралы және Бартындағы Амасра қаласы енді. Бұл бағыттар табиғи көріністерімен, тарихи-мәдени мұрасымен, жағажайларымен және қоңыржай климатымен ерекшеленеді. Туристер мұнда ұлттық саябақтарды аралап, жаяу серуендеуге, жағажайда демалуға және тарихи орындарды тамашалауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Ризедегі Чамлыхемшин мен Болудағы Абант көлі табиғи саябағы да жазғы демалысқа қолайлы орындар қатарында аталды. Бұл өңірлер таулы табиғатымен, қалың ормандарымен және ашық аспан астындағы белсенді демалыс түрлерімен танымал.

Шыңжаңдық Айдос Қадылұлы Азия ойындарында Қытай құрамасы сапында күреседі - CNR

Айдос
Фото: CNR

2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қытай құрамасының күрес түрлері бойынша спортшылар тізімі жарияланды. Тізімге сәйкес, Шыңжаңнан шыққан 24 жастағы Айдос Қадылұлы еркін күрестен 86 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Орталық халық радиосы ақпараттық порталы.

Аталған басылымның келітірген деректеріне сүйенсек, бұған дейін Шыңжаңдық таэквондошы Ма Жиңюе де 2026 жылғы Азия ойындарына қатысу құқығына ие болған болатын. Ол Қытай құрамасы сапында жарысқа қатысады.

Осылайша, Шыңжаңнан шыққан екі спортшының бірі – Айдос Қадылұлы атты қандасымыз 2026 жылғы Азия ойындарында Қытай құрамасы атынан сынға түседі.