Айдос Садықовты атты деген күдікті Қазақстан полициясында жұмыс істемейді — ІІМ

садықов
Фото: facebook.com/UA.KyivPolice

АСТАНА. KAZINFORM — Украина астанасында қастандыққа тап болған қазақстандық журналист Айдос Садықовты өлтіруі мүмкін күдіктілердің есімі аталды. Осыған орай Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады. 

Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында көліктің ішінде әлдебіреулер атып кеткен болатын.

Ол қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр.

Әйелі Наталья Садықованың айтуынша, украин полициясы осы қылмысқа қатысы бар адамдарды тапқан. 

Олар — 33 жастағы Мейрам Қаратаев пен 36 жастағы Алтай Жақанбаев. Екеуі 2 маусымда Киевке келіп, пәтер жалдап тұрған. 

Айтуынша, Мейрам Қаратаев — Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкері. 

Дегенмен бүгін ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды.

— Азамат М.Қаратаевқа қатысты оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен істің бүкіл мән-жайын анықтау үшін тиісті жедел іс-шаралар жүргізіп жатырмыз, — дейді ведомстводан.

Осы жұмыстың нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте жасалған қастандық  жайында пікір білдірген еді. 

— Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұрату жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, — деді Президент. 

Президент кеңесшісі Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді.

Соңғы жаңалықтар