Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілік көріністерін жою туралы Конвенцияға қатысты баяндаманың жобасы қаралды
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілік көріністерін жою туралы конвенцияға 1998 жылы қосылды. Аталмыш Конвенцияның 18-ші бабында оған қатысушы мемлекеттер 4 жылда бір рет БҰҰ-на Конвенцияның жүзеге асыру барысы туралы баяндап отырады. Осыған қарай Қазақстан өкілдері БҰҰ-на алғашқы баяндаманы 1999 жылы ұсынған. Ал 2004 жылы оның жүзеге асырылу барысы туралы екінші баяндама ұсынып, ол 2007 жылы қаралды. БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктер жөніндегі комитетінің 2007 жылдың 37-ші сессиясындағы қорытынды ескертулеріне сәйкес, бірлескен үшінші және төртінші баяндама 2011 жылы жасалуы
қажет болатын. Бүгінгі мәжілісте қаралған осы үшінші және төртінші бірлескен баяндамада 2004-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасында болған әлеуметтік-экономикалық салада болған өзгерістер мен Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілік көріністерін жою туралы конвенцияның жүзеге асырылу барысы туралы мәліметтер қамтылған. Аталмыш құжат ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен оның өкілдіктерінің және еліміздің министрліктері мен ведомстволары мәліметтері негізінде дайындалған. Құжатты дайындау ісіне үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында осы құжатта көрсетілген мәліметтермен таныстырған Г.Әбдіхалықова еліміздің жоғары заң шығару органы - Парламентте 21 әйел азамат бар екендігін атап көрсетті. «Бұл барлық депутаттардың 14 пайызы. Яғни осының алдындағы Парламент депутаттарына қарағанда әйелдер саны 2 есеге артқан.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардағы мәслихат депутаттарының 17 пайызы әйелдер. Ал Қостанай облысының мәслихатында нәзік жандылар 30 пайызға жеткен. Қазақстан үкіметінде 3 министр мен 4 жауапты хатшы, 4 вице-министр бар. Ал облыс әкімдерінің әйел орынбасарлары - 5. Сондай-ақ 3 әйел азамат аудандарды басқарып отыр»,-деді министр.