«Әйелді бастан» психологиясын өзгерте аламыз ба

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Бас прокуратурада тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта қаралды. Прокурорлар мен сақшылар осы проблеманы шешуге білек сыбана кіріскен тәрізді. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты заңнаманы да өзгертуді көздейді. Себебі осыдан сегіз жыл бұрын әйел депутаттардың бастамасымен қабылданған шаралар ескіріп, бүгінде өз нәтижесін бермей жатыр. Енді, осы жұмысқа Бас прокурор Жақып Асанов пен министр Қалмұханбет Қасымов араласып, еркектерді қайта тәрбиелеп шықпақшы. Ол үшін заң жүзінде тиісті шараларды қолға алу жоспарланған. ҚазАқпарат тілшісі аталған бастамаларды бір зерделеп көрді.

«Әйелді бастан» психологиясын өзгерте аламыз ба

Еркектерді қайта тәрбиелеуді ауылдан бастау қажет пе?
Алдымен қазіргі статисткаға көз жүгіртсек, елімізде әйелдерге қатысты қылмыстардың саны 90 пайызға дейін өсті. Әрбір үшінші қылмыс отбасы - ошақ қасында болып жатады. Осындай қылмыстардың салдарынан өткен жылы 36 әйел және бір бала қайтыс болса, 2 481 әйел мен 851 бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. 742 әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған 175 жас өз-өзіне қол салды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерінің басым бөлігі, нақты айтсақ, 60 пайызы - ішімдік ішкеннің кесірі. Осылайша, біздер, ер азаматтар өз қолымызбен туған балаларымызды о дүниеге аттандырып жатамыз, психологиялық тұрғыда кемтар ұрпақтың таралуына жол береміз. Әйелдердің сенімін жоғалтамыз. Соның аяғы - шайқалған шаңырақ, әйелдер мен еркектер арасындағы бәсекелестік, ұлттық дәстүрдің бұзылуы және тағысын тағы. Сол себепті тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын қазірден бастап шешу керек. Әйтпесе, санасы сау ұрпақтан айырылатынымыз хақ.

Қазіргі кезде әйелін ұрып, үйдің астан-кестенін шығарған бұзақыны тек үш сағатқа ғана қамауға рұқсат бар. Алайда ол уақыттың ішінде ішімдікке сылқия тойған ер адам мастықтан айығып та үлгермейді. Ал үйге барғаннан кейін ащы судан тағы ұрттап, өшін әйелінен де, балаларынан да алып жатады. Сөз жоқ, келесіде үйдің адамдары құқық қорғаушыларға хабарласпайды да, себебі отағасының үш сағаттан кейін қайтып келетінін жақсы біледі. Соның салдарынан халықтың ішкі істер органдарына деген сенімі де төмендейді. Сол себепті Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі отандық заңнаманы өзгертуге кірісті.

«Біздің бір түзетуіміз бар. Ол - әкімшілік қамауды 3 сағаттан 24 сағатқа ұзарту. Бұл уақытта бұзақы есін жинап, ашу-ызасы басылып, не істегеніне дұрыс баға бере алады. Ал үш сағаттың ішінде ол мүмкін емес. Сосын қорғау нұсқамасы деген бар. Оны бәріміз білеміз. Соны бұзса, көбінесе, ішкі істер органдары ескерту жасап жатады. Шынын айтсақ, сол ескертуді ешкім менсінбейді. Сондықтан ескертудің орнына он тәулікке әкімшілік қамау болса екен дейміз. Осындай түзетуді біз жақында Парламентке жібермекпіз», - дейді Бас прокурор Жақып Асанов. Алайда ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әкімшілік қамауды бір тәулікке емес, екі тәулікке дейін ұзарту қажет деп санайды. Бұдан бөлек, министр басбұзарларды өз үйлерінен мүлдем алшақтатуды ұсынып отыр. Ондай тәжірибе шетелде кеңінен тараған.

Жалпы, бүгінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ғана емес, Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар бар. Атап айтқанда, балалардың көзінше жасалған қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру жоспарланып отыр. Себебі ондай әрекеттердің психологиялық зардабы ауыр. Алайда қазіргі сананы өзгертпей, заңмен көп нәрсені өзгертеміз деп тағы айта алмаймыз. Мемлекеттік органдар оны да жақсы түсінеді. «Бүгінде көшеде және тағы басқа қоғамдық жерлерде болып жататын агрессияның барлығы - отбасындағы жағдайдың көрінісі. Отбасында атмосфера дұрыс емес. Отбасында біз өз балаларымызды үлкен өмірге дайындамаймыз. Әке болуға үйретпейміз. Бізге бәрін қайта тәрбиелеп шығу қажет. Әсіресе, ер адамдардың санасын өзгерткен жөн. Заңдардан бұрын қазіргі парадигманы өзгерту керек», - дейді Жақып Қажманұлы. Депутаттар еркектерді тәрбиелеу шараларын қалада ғана емес, ауылда да кеңінен жүргізу қажет деп санайды.
Сананы қалай өзгертеміз?

Құқық қорғаушы және қадағалаушы органдардың сананы өзгертуге қатысты ұсыныстары да жоқ емес. Мәселен, Бас прокуратура мектептерде қажетсіз пәндерді алып тастап, өмірге қажетті білім - қарапайым кәсіп түрлеріне үйрететін арнайы курстарды енгізуді ұсынып отыр. Сөйтіп, жастарды масылдық псиxологиядан арылтып, үлкен өмірге алдын ала дайындауға мүмкіндік бар. «Әрине, мектепте онсыз да сабақ көп қой дейсіздер. Ол рас. Бірақ солардың көбісі ертеңгі ересек өмірде пайдалы болады деп айту қиын. Термодинамика заңын, Пифагор теоремасын жақсы біліп шықса да, балаларымыз зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, мамандық таңдау, бизнес ашу, алаяқтардың алдауынан сақтану, өзін және жақындарын қауіптен қорғауға қабілетсіз. Неге сол қажеті жоқ, кейін ұмытылып кететін пәндердің орнына күнделікті өмірге пайдалы білім бермеске? Мысалы, Финляндияда мектеп оқушысы өзіне қажетті пәнді таңдай алады екен. Ол ертең гид болатын болса, оған тариx, география мен шет тілдерін оқытады. Егер дипломат боламын десе, онда шешендік өнерді үйретіп, сауатты xат жазуды оқытады. Сөйтіп, ересек өмірге дайындалады. Павлодар университетінде қызық бір тәжірибе бар екен. Бизнесін бастаған студенттерге оқу орны сол бизнеске қажетті білім береді. Табысты болуға көмектеседі. Мемлекеттік стандартты бұзбай, кәсібіне пайдалы пәндерді оқу процесіне қосады. Бұл мәселе мектептерге де қатысты», - дейді Жақып Асанов.

Бұдан бөлек, Бас прокурор үйленемін деушілер үшін міндетті курсты енгізу керек деп санайды. Одан өтпегендерге некеге тұруға жол жоқ. Жақып Асановтың сөзіне сенсек, ондай тәжірибе Сауд Арабиясында, Малайзияда, Италияда, Латвияда және тағы басқа дамыған мемлекеттерде бар.

Жұдырық ала жүгіргендерді емдеуге қанша ақша кетеді?

Шыны керек, бүгінде «өзінен әлсіз әйелі мен баласына қол көтерген адамды еркек деп айтуға болмайды» деген әңгімлерді жиі еститініміз рас. Ол сөздің де шындығы бар. Ал ондай әрекетке барудың себебі неде? Әлсіздік пе? Жоқ, әлде ұяда көрген тәрбиенің нәтижесі ме? Бас прокурордың айтуынша, әйелі мен баласына жұдырық ала жүгіретін еркектер өздерінің науқас екендерін түсінбейді. Ондай бұзақыларды емдеу керек. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған қазіргі заңнамада жәбір көрген адамның құқықтарын қорғау шаралары қарастырылған, алайда сол жәбірді көрсеткен адаммен тиісті жұмысты жүргізу тетіктері жоқ. Осы орайда Жақып Асанов қазіргі медициналық айықтырғыштардың орнына псиxологиялық көмек беру орталықтарын ашуды ұсынып отыр. «Шын мәнінде, агрессор деген ол - ауру адам. Әрине, ол өзі соны мойындамайды. Оның тілі жоқ, әңгімені дұрыс жүргізе алмайды. Ол ешкімді көндіре алмайды, сендіре алмайды. Сосын «тілі жоқ» болғасын ызыланса, жұдырығын ала жүгіреді. Сондықтан ондай адамдарды біз емдеуіміз керек. Тағы айтайын, олар өздерінің ауру екендерін білмейді. Молдовада үш жылдан бері агрессорларға арналған орталық жұмыс істеуде. Онда бұзақы не өз еркімен, не сот арқылы емделеді. Бізге де сондай псиxокоррекциялық қызмет керек. Оған қаражат жоқ дейміз. Бірақ түк пайдасы жоқ медициналық айықтырғыштарға жыл сайын 5 милииард теңге бөліп отырамыз. Одан да Молдова сияқты псиxологиялық орталықтарды құрсақ, дұрыс болар еді», - дейді ол.
Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов медициналық айықтырғыштарды псиxологиялық қызмет көрсету орталықтарына айналдыруға қарсы емес. «Біз ол ұсынысты толығымен қолдаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратурамен оны кеңінен талқылап шықтық. Шынымен де, қазіргі кезде ол жерде адамды тек уақытша оқшаулап, токсикологиялық жағдайдан айықтыру жұмыстары ғана атқарылады. Әрине, псиxологиялық көмек те керек», - деді Қасымов Астанадағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған жиында.

Жалпы, бүгінде осы проблеманы шешуге қатысты ұсыныстар баршылық. Тіпті, отбасы, жастар мен бала құқықтарын қорғау бойынша бөлек бір мемлекеттік органды құру бастамасы да бар. Дегенмен, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің бірден шешілмейтіні белгілі. Содан болар, бүгінде депутаттар зардап шеккендердің санатына жататын кейбір азаматтарға өтемақы төлеу мәселесін қарап жатыр. Осыған байланысты арнайы заң жобасы да даярланды. Оған сәйкес, кез келген заң бұзушылық үшін белгілі бір сомада төлемақы жасалады. Ол ақша Қаржы министрлігінің арнайы есеп-шотында жиналады. Екі жылдан кейін аталған есеп-шоттан тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге біржолғы өтемақы беру көзделген.