Әйелін 22 жерінен пышақтаған еркек сотта көз жасына ерік берді

Азамат Құлымбетов ауыр қылмысқа көзіне шөп салған әйелін қызғанғандықтан бардым деді. Алайда марқұммен бірге істеген әріптестері Жанардың жуас, еңбекқор, әрі адал әйел болғанын айтып, марқұмның аруағын қорламауды сұрады.
Ұзынағаш ауылының тұрғыны, 34 жасар Азамат Құлымбетовтің фельдшерлік орта білімі бар екен. Алайда, марқұмның туыстары оны мамандығы бойынша ұзақ жұмыс істемеді, кейінгі жылдары тек әйелінің тапқанына қарап отырды дейді. Сот барысында еркектің араққа құмар екендігі әрі әйеліне бұрын да қол көтергені айтылды. Ал қаңтардың бірі күні жастардың екі бөлмелі үйі тұтастай өртеніп кеткен. Марқұмның туыстары өртті араққа сылқия тойып алған күйеу баласы жасады деген ойда. Өрттен кейін жолдасының қорлығынан шаршаған Жанар ажырасуға бел буған екен. Бірақ, арты қайғымен аяқталды. Күйеуі жұмыс орнына келіп, әйелін аяусыз пышақтаған. Қорғансыз әйелдің пышақ кірмеген сау жері қалмаған, соңғы рет күйеуі суық қаруды мойын тұсына тығып, өзі оқиға орнынан бой тасалаған. Жанар Насырова ауыр жағдайда Алматыдағы №7 қалалық ауруханаға жеткізілген, алайда 3 ота жасалса да дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Естеріңізге сала кетейік, қанды оқиға биыл 18 ақпанда Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үйлерінің бірінде орналасқан дәріхана ішінде болған. 1983 жылғы Азамат Құлымбетов әйелінің жұмыс орнына келіп, оны аяусыз пышақтап, өлтірген және оның бұл әрекеті бейнекамераға түскен. Ал қаза тапқан 33 жастағы Жанар Насырованың артында екі баласы қалды. Процесс Қарасай аудандық сотында өтуде. Күдікті Азамат Құлымбетов «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпталып отыр.