Әйгілі «Лило және Стич» қазақша сөйлейді
АСТАНА. KAZINFORM — Мамыр айында әйгілі «Лило және Стич» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрсетіле бастайды, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.

Дисней студиясының туындысын көрермендер кинотеатрлардан көре алады.
Ал желтоқсанда қазақстандықтарды тағы бір ауқымды премьера күтіп тұр. «Аватардың» үшінші бөлімі түпнұсқамен қатар көрсетіледі деп жоспарланған.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Jibek Joly телеарнасының студиясына келді.
Оның сөзінше, қазір үлкен фильмдердің барлығы дерлік қазақ тілінде көрсетіле бастады.
— Иә, біз үшін қазақ тіліндегі мазмұнды көбейту бағытындағы жұмыстың ауқымды бір бөлігі — бұл дүниежүзіндегі әлемге танымал үлкен студиялардың туындыларын қазақ тілінде үлкен кинотеатрларда шығарып көрсету еді. Бұған дейін белгілі жылына бір-екі фильм шығып жатты. Бұл Қазақстандағы демеушілердің күшімен жасалып жатқан жұмыс. Ал өткен жылдан бері біз студияларды талап қойып, ұсыныс беріп, жағдай жасап, студиялар өз фильмдерін қазақ тіліне өз қаражаттары есебінен аударып әкеле бастады. Соны арқасында жыл сайын көрсетілетін фильмдер 1-2 емес, үлкен фильмдердің барлығы дерлік қазақ тілінде көрсетіле бастады. Былтыр 4 фильм көрсетілді, ол Pixar студиясының «Ойжұмбақ», «Моана» деген мультфильмі, содан кейін «Веном», жылдың соңында «Муфаса: Арыстан Патшасы» деген фильм шықты, — деді Рауан Кенжеханұлы.
Бұған дейін Президент қазақ тілінде түсірілген мультфильмдер көп болуы қажет екенін айтқан еді.