12:08, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Айгүл Тәшенова «Ана тілі аруы» республикалық байқауында облыс намысын қорғайды
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 5-і.ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындары студенттері арасында «Ана тілі аруы» аймақтық байқау жеңімпаздары анықталып, жүзден жүйрік шыққандар сый-құрметке бөленді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бірінші рет қолға алынып отырған игілікті іс-шараға білім орындарынан жеті қыз қатысып, бақтарын сынады. Байқау талаптарына сай бұл жолы «Халқымыздың салт- дәстүрі», «Ана тілінің бүгінгі тағдыры», «Халқымыздың мақтанышына айналған аналар», «Өнерім-өмірім» тақырыптары негізінде студент қыздар сайысқа түскен болатын. Осы талап тұғырынан көрінуге талпынған үміткерлер білімі мен біліктілігін танытып, мақсат биігіне көтеріле алды. Қазылар алқасының ұйғарымымен бірінші орынды жаратылыстану факультетінің 2-ші курс студенті Айгүл Тәшенова жеңіп алып, республикалық сайыста облыс намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. Екінші және үшінші жүлделер филология факультетінен Айжан Сердалина мен университет жанындағы көпсалалы колледж оқушысы Ботагөз Ақышеваға табысталды. Сонымен бірге сайыскерлердің бір тобы «Парасат», «Ерке сылқым», «Кербез қыз», «Инабатты ару» аталымдары бойынша марапатталып, сыйлықтарға ие болды.