«Айқап» пен «Қазақ» не үшін айтысқан?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Айқаптың» қазақтың тұңғыш журналы екендігі әммеге аян. «Қазақ» газетінің де ел тарихындағы алғашқы газеттердің бірі һәм бірегейі екендігі, бұл басылымда көтерілген кей мәселелердің әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқандығы, онда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қараш, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентайұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды халқымыздың біртуар қаламгерлерінің еңбектері жарияланғандары да көзі қарақты оқырманға бесенеден белгілі.
Қос басылымды да елі десе емешегі езіліп, жұрты десе жүрегін жұлып беруден таймайтын нағыз ұлтжанды азаматтар басқарды. Біріншісінің редакторы - қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Мұхамеджан Сералин болды. Ал «Қазақ» газетін «ұлттың ұстазы» атанған атақты Ақаң - Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Бірақ осы екі басылымның көзқарастары қайшы болған тұс бар. Осы мәселенің пайымына бармаған кей оқырман тобының арасында М.Сералин мен А.Байтұрсынов араз болған деген де қауесет тараған. Бұл қаншалықты рас? Ұлт зиялысы атанған қос тұлғаны ондай пенделікке қимайтынымыз тағы бар. Шынымен екі ағамыздың арасы суық болған ба? Әлде бұл адамға емес, басылымдардың ұстанымдарына қатысты мәселе ме? Бүгін осының ақ-қарасын ажыратып қарап бағамыз. Бір анығы, қос басылым арасында келіспеушілік болған. Оны Бейімбет Майлиннің мына сөздері қуаттай түседі: «Енді келейік, «Айқап» пен «Қазақ» арасына. Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі». Бұл келіспеушіліктердің неден туындағанын бірден жайып салудың өзі оқырман келіспеушілігін тудыруы ықтимал. Сондықтан әуелі «Айқаптың» табиғатына үңіліп, бұл журналдың жалпы сипатын танып алғанымыз жөн. М.Сералин «Басқармадан» (1915) атты мақаласында бұл журналды ашудағы басты мақсатын: «...Мақсатымыз дүние жиып, байымақ, пайдаланбақ емес, тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді... Журнал шығарғандағы мақсатымыз - халыққа жол көрсетпек еді», деп білдіреді. Қайраткер «Аштық хаһқында», «Келешек заманымыздың қамы», «Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы», «Қазақ жастары», «Отырықшы болған қазақтар туралы», «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл», «Жер әңгімесі» т.б. мақалаларында қазақ қауымының жоғын жоқтап, жер, оқу-ағарту секілді басты мәселелердегі келелі ой-толғамдарын талқыға салады. «Шәһар Троицкі, март, 1912 жыл» мақаласында Алаштың арда азаматы М.Сералин: «...Біздің ілгері келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол - оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі жұртқа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық қылып, оқушы талапкерлерімізге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды», деп жазды. «Айқап» «Алты Алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру» мақсатын ұстанған басылым еді. Сондықтан да онда осы мазмұндас мақалалар көптеп жарық көрді. Соның бірі - «Қазақ халқының мұқтаждығы» мақаласында М.Сералин: «Ау, жұрт! Ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға муафық іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді» деп, алмағайып заманда қазақтың өз жеріне ие болып қалуы үшін отырықшы болу керектігін әлеуметтік ой-санаға сіңіруге тырысты. Тағы бір тұста «Айқап»: «Көшпеліліктен бас тартып, отырықшы боламыз. Отырықшы болған ел оқуға мүмкіндік алады, егін егіп, басқа да шаруа түрлерін дамытады» деп ашық пікір білдіреді. Міне, осы ұстанымдары «Қазақ» газеті мен екеуінің арасында келіспеушілік отын тұтатты. «Қазақ» газеті қазаққа 15 десятинадан жер беріп, отырықшы қылудың артында патшалық Ресейдің құйтырқы саясаты жатқандығын айтады. Олар қазаққа осынша жер беру арқылы өздеріне көбірек қалдыру жағын ойлап отырғандығын алға тартады. Оның дәлелі ретінде переселен мекемесінің бастығы Глинконың Ресейдің Мемлекеттік Думасындағы ашық мәлімдемесін мысал ретінде келтіреді. Екіншіден, қазақ жерінің көп бөлігі егін егуге қолайлы емес, ертең халықтың аштыққа ұшырауы мүмкін екендігін ескертеді. Міне, осылайша «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы алғашқы көзқарас, ұстаным қайшылығы орын алған. Бірақ бұл қос басылым ұстанымдарындағы жалғыз қайшылық емес. Бұнымен қоса олардың басқосу (съезд) өткізуге және әліпби таңдауға келгенде де пікірлері екіге жарылған. Соның кесірінен екі басылым авторлары бір-біріне қарата көптеген мақалалар жариялаған. Алайда қазақтың сол тұстағы зиялылары жазармандарды мәмілеге келуге үгіттеген. Бір-бірін бекер кекетіп-мұқатудың еш қажеті жоқтығын, қайта өз пікірлерін мәдениетті түрде білдірулері керектігін түсіндіріп баққан, екіге жарылған қазақ зиялыларын парасат пайымына жетелер азаматтық келісімге, саяси және рухани арнадағы ортақ мұрат-мақсаттағы елдік жолындағы кемел істерде береке-бірлікке шақырды. Осы тұста журналдың 1915 жылғы №6 санында жарық көрген Алаш ақылманы болған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Сөз таласы» атты мақаласын мысалға келтірейік. Онда «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасындағы мұсылман құрылтайы мәселесіне қатысты өрбіген кезекті таластарды ақыл таразысына салып, сын көзімен қарады. Ақын орынсыз кекету, жөнсіз мұқату, қисынсыз мінеу сынды ар өлшемімен еш үйлеспейтін жағымсыз қылықтар тұтас Алаш баласын әлеуметтік келеңсіздіктерге ұрындырып отырғанын айтады. Шәкәрім қажы: «Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынына салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма? Менің ойымша, кекеу, сөгіс - тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?», - деп қандайда болмасын адамның дәрежесі мен лауазымына қарамастан әділдік жолында ақиқат өлшемін ұстануы керектігін ескертеді. Мұндай дәлелдерді жіпке тізгендей бірінен соң бірін келтіруге болады. Бірақ, олай етсек біз журналшының шекарасын асып өтіп, зерттеуші-ғалымның «жайылымына» түсіп кетеміз. Сондықтан бұл мәселенің тереңін соларға қалдырамыз. Біз тек осы мәселеде бізде мәлім деректер негізінде өз пайымымызды жасағанымыз жөн. Отырықшылық заманауи мәдениет, өркениетті тудырғаны рас. Осы тұста «қазақты отырықшы қыламыз» деп ұран салған М.Сералинге қосыла кеткің келеді. Алайда, «Қазақ» жазғандай, әр қазаққа 15 десятина жерден тисе аз қазаққа ұлан-ғайыр даламыз түгелдей тиесілі болмай шығар еді, жерімізден айырылып қалу қаупі тұр еді. Сол уақыттағы көзқараспен өлшесеңіз, «Қазақтың» қаупі де орынды. Сондықтан, екеуінің де пікірі қазаққа қарсы емес, екеуі де ұлттың ертеңі үшін арпалысып жүрген азаматтардың шырылы. Басқосу мәселесінде де солай. Съезді өткізу керек деген «Айқапқа» «Қазақ» газеті бүкіл қазақты бір жерге жинап, елдің мәселесін сөз етуге де әлі ертерек дейді. Бұндай басқосу өткізуге патша өкіметінің рұқсат беруі неғайбыл дейді және осы күдігі расқа айналады. Мұның бәрі «Қазақ» газетінің басындағы Ахмет, Әлихан, Міржақып сынды азаматтардың саясат мәселесіндегі көрегенділігін көрсетеді. Осы мәселелерге келгенде Алаштанушы ғалым Қайрат Сақ былай дейді: «Кезінде қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен бұл екі басылымды біріне-бірін қарсы қойып қарастыруға мүлдем болмайды. Рас, кейбір мәселелерде пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдардың әртүрлілігінен туындап отырған деуімізге толық негіз бар». Сайып келгенде, қос басылым да қазақты төрге сүйреп, ағартып, кемел елге айналдыруға талпыныс қылды. Бірақ оған жету үшін екі түрлі жолды қолай көрді. Сондықтан біз бұл мәселеге келген «екі басылым араз болған, екі басшының арасы суық болған» деген біржақты пікірден аулақ болуымыз керек. Ол да болса бұлжымас бірлік дейтін асыл мұраттың бір ұстыны бола алады. Ербол Жанат