«Айқапта» жарияланған М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» мақаласы халықтың көзін ашқан, бұқаралық ойға сәуле сепкен туынды - Ғ. Мұтанов
«Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуының 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында алғашқы қазақ басылымдарының ұлттық журналистика тарихындағы салмағын, маңыздылығын, үлесін жан-жақты қарастырған басқосуға университет ұжымымен қатар отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғалымдар, әдебиетшілер, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.
Зерттеуші-ғалымдар қос басылымды жалпыұлттық демократиялық баспасөз көшбасшылары деп атады. Бұл басылымдар ХХ ғасыр басындағы ұлт өмірінің, қазақ қоғамының айнасы болды. Ұлттық журналистиканың дамуы осы басылымдардан бастау алады дейді конференцияға қатысушылар.
Басылым беттерінде көтерілген мәселелер бүгінде де күн тәртібінен түспей, сол кездегі тақырыптар бүгін де маңыздылығын жоймағандығын тілге тиек еткен ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «Айқапта» жарияланған М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» мақаласы халықтың көзін ашқан, бұқаралық ойға сәуле сепкен туынды екендігін атап өтті. «Айқап» журналы қазақ халқының көзінің қарашығы атанса, «Қазақстан» газеті ел жанарының ағы бола білгені ақиқат. Қазақ баспасөзінің демократиялық құндылықтарын ұстану жолында халқының құлағы һәм көзі бола білген «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарындағы дәстүрлер жалғастығына үлгі болары сөзсіз», - дейді ректор.
Ал тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев өз кезегінде «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті қазақ тағдыры мен тарихында қалдырған ізінің маңызын аңғару үшін екі мәселені терең түсінуіміз қажет екендігін айтады. «Олар - ұлтшылдық пен ағартушылық. Осы екі мәселені жетік түсінбей қазақ тарихын тану қиын. Осы ретте қазақ зиялыларымыздың бұл басылымдарды жарыққа шығаруы - ағартушылық жұмыстардың жеңілдеп, елдің санасын оятып, ұлт азаттық идеологияның қалыптасуына үлкен үлес қосқанын ерекше атап өтеміз. Бұл қос басылым аз ғұмырда халықты, ұлт азаттық көтеріліске тұрғыза білді десек, артық айтқандық емес», - деп атап өтті өз сөзінде тарихшы.
Қазақ баспасөзі ізашарларының үлес-салмағын бағалаған конференция одан кейін журналистика, филология және тарих факультеттерінде қазақ баспасөзі мәселелерін көтерген дөңгелек үстелмен жалғасты.