АЙМАҚТАР ЕСЕП БЕРУДЕ: Алматы облысы - ҚР аграрлық секторындағы көшбасшы, Жетісу тұрғындары ежелден егіншілікпен даңқы шыққан - әкім Аңсар Мұсаханов

ТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысы республиканың ірі агроиндустриялық аймақтарының бірі, мұнда жалпыреспубликалық көлемдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің 16 пайызға жуығы өндіріледі. Бұл табиғаты әдемі, жер жаннаты. Бұл жер 100-ден астам ұлыстың құтты қонысы. Мұнда 207 миллиард теңгеден астам екі республикалық жоба жүзеге асырылуда - олар: Мойнақ ГЭС-і мен Жетіген-Қорғас теміржол желісі.

АЙМАҚТАР ЕСЕП БЕРУДЕ: Алматы облысы - ҚР аграрлық секторындағы көшбасшы, Жетісу тұрғындары ежелден егіншілікпен даңқы шыққан - әкім Аңсар Мұсаханов

Жетісу өңірінің осы және басқа да жетістіктері туралы облыс әкімі Аңсар Мұсаханов әңгімелейді.

- Аңсар Тұрсныханұлы, табиғи-климаттық аймақтың қолайлылығы, сондай-ақ жер құнары мен су қорларының арқасында біздің облысымыз аграрлық секторда көшбасшы болып отыр. 2010 жылы ғана ауыл шаруашылығының жалпы өнімдері 227,8 млрд. теңгеге жетіп, 1991 жылғы деңгейден 69 есе өсті. 2011 жылдан қандай нәтижелер күтесіз?

- Шынында да, аймақ ауыл шаруашылығы дақылдарыың 60-қа тарта түрлерін өндіріп, елдің аграрлық секторында көшбасшы болып отыр. Біз қант қызылшасын, жүгері, соя, темекі, көкөніс, ет, жұмыртқа және жүн өндіруден республикада - бірінші, күріш, жемістер мен жидектер, сүт өндіруде - екінші орында келеміз. Егер 2010 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімдері көлемі 227,8 млрд. теңгеге жетсе, енді 2011 жылы біз 264,8 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді жоспарлап отырмыз. Соған сәйкес облыс өнеркәсібі де негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. 2010 жылы жалпы өндіріс көлемінде оның үлесі 56 пайыздан асты. Жетісу республикамызда жүзім шарабын, құс етін, темекі өнімдерін өндіруде де алда келеді.

Біздің облыс тұрғындары ежелден жер емшегін еміп, еңбекқорлығымен даңқы шыққан. Еліміздің тұңғыш Президенті туып-өскен аймақта жанқиярлық пен туған өлкеге сүйіспеншіліктің арқасында көптеген тамаша адамдар шоғыры өсіп жетілді, бұл бізге ерекше жауапкершілік жүктейді,тәуелсіз мемлекетімізді өркендету жолында таңдаулы және алда болуға ұмтылдырады.

- Биылғы жылы шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапары кезінде жергілікті халықты көкөніс және жеміс өнімдерімен толық қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ бұл орайда алма бақтарын, әсіресе «апорт» тұқымын қалпына келтіруді мінеттеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?

- Облыс «апорттың» отаны, бұл біздің бәсекедегі басымдығымыз. Алайда соңғы жылдары осы бірегей алма сұрыптарының жемістері уақтанып, өзінің сыртқы келбеті мен дәмдік қасиеттерін жоғалтып, азып кеткені байқалды. Сондықтан да бүгінде негізгі мақсат - алматы апортының даңқын қайта түлету болып отыр.

Бұдан басқа, 2014 жылға дейін көкөніс, жеміс-жидек дақылдары мен жүзім алқабын тағы 4 мың гектарға ұлғайту белгіленген. Тауар өндірушілердің майлы дақылдарға да қызығушылығы арта түсті.

- Алматы облысы қант қызылшасы өндірісімен де даңқы шыққан. 2008-2012 жылдарға арналған қант қызылшасы мен қант өндіруді дамыту бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай?

- Жетісу - қант қызылшасы өндірісінің дәстүрлі аймағы. Дегенмен аграршылар тұқым себу айналымын сақтау мүмкіндігінің жоқтығынан және жұмыс қолдарының жетіспеушілігінен, сондай-ақ қант зауыттары ұсынып отырған сатып алу бағасының төмендігінен онымен айналысуға құлықты болмай отыр. Саланы қалпына келтіру үшін қант қызылшасын себетін аудандарда сервистік-дайындау орталықтарын құру шаралары қолға алынуда, олардың базасында машина-технологиялық стансылар қалыптастырылуда. Дегенмен, бүгінде облыс қызылшашылары бұл дақылға 13 мың гектарға тарта алқап бөліп отыр. Қазір жиын-терін аяталып келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, орташа түсім әр гектардан 270 центнерге жетті.

- Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі Алматы айналасында азық-түлік белдеуін құру. Бұл мәселені шешуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Президент тапсырмасына сәйкес үш жылға жетпейтін уақыт ішінде қала маңындағы аймақта 36 миллард теңгенің 51 жобасы жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы «Кормовик-Еуротехнология» компаниясы құрама жем мен концентраттар өндірісі, «Байсерке-Агро» ЖШС сүт өңдейтін зауыттарды пайдалануға берді. Облыста 459 жылыжай шаруашылығы бар, тағы 112 жылыжай құрылысы жүргізілуде. Сөйтіп, таяудағы жылдарда ерте пісетін көкөніспен жабдықтау мәселесі күн тәртібінен алынып тасталады деп отырмыз.

Бұдан басқа, аймақта 48 тауарлы сүт фермасы мен 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, олардың өнімдері Алматының сауда желілерінде өткізіліп келеді.

Біздің фермерлер мегаполиске кемінде 12 мың тонна картоп пен көкөніс жеткізу жөнінде шарттар жасасты. Жыл басынан бері Алматы жәрмеңкелерінде 365 миллион теңгеден астам азық-түлік өнімдері өткізілді. Облыс тауар өндірушілері көкөністен басқа қала базарларына қант, сиыр, қой, жылқы, құс еттерін, сүт өнімдерін шығаруда.

Енді біздің алдымызда тұрған міндет - маусым аралығында азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттауына жол бермеу, ол үшін «Жетісу» ӘКК қазір фермерлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуда. Бұл мақсатқа бір миллиард теңге бөлінді. Бұған қоса, соңғы жылдары мемлекет Жетісу аграршылары үшін субсидиялар көлемін алты есе арттырды.

- Облыс өнеркәсіп өндірісінде де біркелкі көрсеткіштерге қол жеткізілді. 2010 жылы 367 млрд.теңгенің өнімдері шығарылды. Бұл үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырумен байланысты болар?

- Бұл бағдарлама ауқымыда 15 нысан іске қосылды, жыл аяғына дейін тағы жалпы құны 235 млрд. теңгенің жеті жобасы аяқталады.

Олардың арасында 207 миллиард теңгеден асатын екі республикалық жоба - Мойнақ ГЭС-інің құрылысы мен Жетіген-Қорғас теміржол желісі бар. Бағдарламада сондай-ақ бұрын Қазақстанда шығарылмаған индустриялық аккумулятор батареясын игеру, төрт гектарға жуық жылыжайлар құрылысы, ірі ет өңдеу кешені және 163 тонналық көкөніс қоймасы бар.Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде облысқа 1,5 трлн. теңге инвестициялар тартылды, бұл 1991 жылдың деңгейімен салыстырғанда 11,4 есе көп.

2010 жылы салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдерді жинау 141,9 млрд. теңгені құрады, 1997 жылмен салыстырғанда, ол 21,2 есе ұлғайды.

- Жетісу - табиғаты көркем туризм өлкесі. Туристік саланы дамыту жөнінде не істеліп жатыр?

- Шынында да, Алматы облысының Қазақстанның туристік інжу-маржаны ретінде орасан зор перспективалары бар. Атап айтар болсақ, соңғы жылдары мұнда ақылы туристік-сауықтыру қызметнің көлемі 1,3 миллиард теңгеден астам артты.

Салалық бағдарламаға сәйкес бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Айталық, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бойында жол жиегінде жеті инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Қапшағай су қоймасы жағалауындағы «Жаңа Іле» халықаралық туристік орталығын ғасыр құрылысы деп атауға болады. Аумағы 11 мың гектарды алып жатқан бұл қаланың құрылысына 20 миллиард долларға тарта қаржы тарту жоспарлануда. Бүдан басқа, Текелі және Қаскелең қалаларының маңында тау шаңғысы курорттарын құру көзделген. Райымбек ауданындағы «Мойнақ» этнотуристік кешені бірегей жоба болмақ, онда бірқатар тамаша нысандар тұрғызу жоспарланып отыр.

Жетісу жері - шын мәнінде туризм өлкесі, сондықтан да таяудағы болашақта ол қазақстандық туристер мен таяу және алыс шетелдік қонақтар сүйіп демалатын орынға айналатынына мен кәміл сенемін.

- Баршаға белгілі, Жетісу бір шаңырақтың астына көптеген ұлттарды бауырына басқан қасиетті жер ғой...

- Алматы облысында 100-ден астам ұлттың өкілдері тату-тәтті, бір отбасының баласындай өмір кешуде. Талдықорған қаласында бұдан үш жыл бұрын бой көтерген Достық үйі аймақтағы барлық ұлттық-мәдени орталықтардың туған үйіне айналды және олар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімды нығайта түсуге өз үлесін қосуда. Біз қуанышта да, қайғыда да біргеміз, біздің күшіміз бен қуатымыздың қайнары - осында. Қазір облыста 71 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұдан басқа, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында этномәдени орталықтардың бастауында тұрған ардагерлерді біріктірген «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Бірлік» жастар қауымдастығы жұмыс істеуде.