Аймақтарда Өңірлік даму бағдарламасын кеңейту қарастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев еліміздегі БҰҰ Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесуі өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Аймақтарда Өңірлік даму бағдарламасын кеңейту қарастырылды
Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында тараптар осы жылдың қорытындыларын және Қазақстанның БҰҰ Даму Бағдарламасымен одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылады.

Атап айтқанда, БҰҰДБ-ның Қазақстан үшін 2026-2030 жылдарға арналған елдік бағдарламасының қабылдануы, шілде айында Нью-Йоркте ОДМ іске асыру бойынша үшінші ерікті ұлттық шолудың табысты ұсынылуы, сондай-ақ денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, білім беру және басқа да салалардағы әріптестіктің нәтижелері аталып өтті.

Сонымен қатар, БҰҰДБ-мен жақында Алматыда ашылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша Өңірлік орталық шеңберінде ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ БҰҰДБ-ның Өңірлік даму бағдарламасын еліміздің басқа аудандарына кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

— Климат, экология және су ресурстарын басқару, оның ішінде Арал теңізінің жай-күйіне байланысты мәселелер де сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында маңызды талқылау тақырыбына айналды. Осыған орай БҰҰДБ өкілдері Саммит аясында Орталық Азия үшін климаттық және экологиялық инвестициялардың өңірлік портфелін қалыптастыруға арналған жоғары деңгейдегі іс-шара өткізу жоспарын хабарлады, — делінген ақпаратта.

Бұдан басқа, кездесу барысында ресми ашылуы желтоқсан айында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланған орнықты даму мүддесі үшін 2026 Халықаралық еріктілер жылына орай жоспарланған іс-шараларға БҰҰДБ-ның қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, ынтымақтастықтың басым бағыттарын іске асыруға және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Бұған дейін БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда 4 жаңа су қоймасын салуға атсалысатыны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар