Аймақтық жалпы өнім 1 триллион 850 млрд. теңгеге дейін жетті - БҚО әкімі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз тапсырмасына сәйкес Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына енуі үшін инновациялық шараларды өрістетудің маңызы зор.
Бұл туралы 19 қыркүйек күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен өңірдегі инновацияны дамыту жөніндегі ғылыми-техникалық кеңестің отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
Облыс басшысының атап өткеніндей, қазіргі таңда елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асуда. Аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңі аясында өңірде 287 млрд. теңгенің 36 жобасы қолға алынып, соның 31-і іске қосылды. Соған байланысты аймақтық жалпы өнім 800 млрд. теңгеден 1 триллион 850 млрд. теңге дейін жетті. Бұл - өндіріс орындарының, компаниялардың, ЖОО-лардың, жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп қызмет атқарғанының нәтижесі. Бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін жаңашылдықты пайдалану, өңірдің, елдің дамуы жолында жаңа жобаларды жүзеге асыра білу қажет.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің баян еткеніндей, аталмыш ғылыми-техникалық кеңес облыс әкімдігі жанындағы консультативті-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің 13 мүшесі бар. Ол Елбасы тапсырмасына сәйкес аймақтық инновациялық жүйені жасау кезінде құрылды. 2014 жылдың басында өткен ғылыми-техникалық кеңестің бірінші отырысының қорытындысы бойынша биылғы жұмыс жоспары жасақталды. Сондай ғылыми-техникалық кеңес «Алгоритм» технопаркінің қамқорлық кеңесіне өңірдегі инновациялық жобаларды қаржыландыру жайын қарастыруды тапсырған еді. Қамқорлық кеңестің құрамына Оралдағы үш ірі ЖОО-ның ректорлары, облыстағы кен орындарын игерумен айналысатын «ҚПО б.в.», «Жайықмұнай» сынды ірі компаниялардың жетекшілері және жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері кіреді. Облыс әкімінің тапсырмасымен оның құрамына енді «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы да тартылмақшы.
«Алгоритм» технопаркінің директоры Арман Есекенов инновациялық жобаларды қаржыландыру жайына тоқталды. Технопарк инновациялық жобаларды қаржыландыру ережелері мен тетіктерін дайындап, кеңес мүшелеріне жолдаған. Кеңес мүшелерінің ескертпе-өтініштері негізінде ол биылғы 1 қазанда бекітілмекші. Инновациялық қаржылық қорға жинақталатын ақша мүшелік жарнадан құралмақшы. Бүгінгі таңда қорды «ҚПО б.в.», «Теңізшевройл», «Жайықмұнай», «Ақсай индустриалдық паркі» сынды компаниялар қолдауға ниетті. Енді әр салаға байланысты сарапшылық топ жасақталмақшы. Жобалар бірінші кезекте осы жерде топтың қарауынан өтетін болады.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер институтының ректоры Сайранбек Ахметов ресейлік әріптестерімен бірлесіп қолға алған ғылыми инновациялық жобалар жөнінде баяндаса, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Әбілсейіт Мұхтар ЖОО-дағы ғылыми-инновациялық қызмет, оған инвесторларды тарту турасында әңгімеледі. Оның сөзіне қарағанда, БҚМУ «Мұнай негізді бұрғылау ертіндісін, бұрғылау қалдығын кәдеге жаратудың баламалы әдістерін дамыту саласында ғылыми зерттеу жүргізуге қызмет көрсету» жобасын жүзеге асыруда ҚПО б.в компаниясымен келісімге қол жеткізді. Соған орай 6 млн. теңге тартылды. Жоба қазір Ақсай қаласының маңында жүзеге асуда. Қолданбалы зерттеулер мен ғылыми зерттемелерді коммерцияландыру саласын дамытуда да аталмыш компаниямен тығыз байланыс орнатылды. Соған орай ғалымдармен өңірдің кен орындарындағы мұнай қалдықтарын өңдеу мен әрі қарай қолданудың тиімді жолдарының химия-технологиялық негіздері жасақталуда. Қарашығанақ кен орны мен іргелес аумақтағы бұзылған экожүйені биологиялық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Серғалиевтің айтуынша, университет тарапынан инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мен ынталандыру бағытында зерттеу жұмыстары жүргізілген. Респонденттердің ойынша, аймақтық инновациялық жүйені өркендетуге ЖОО-ның қосар үлесі (39 пайыз) көп. Сол себепті университет ғалымдары ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық бағытта үлкен жобаларды қолға алуда.