Айтуға тыйым салынған ақиқат - баспасөзге шолу

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Айтуға тыйым салынған ақиқат» деген тақырыппен Мұстафа Шоқайдың шетел басылымдарында әр кезеңдерде жарық көрген мақа­лалар топтамасы берілген. Оларды аударған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің мұрағат­­тар мен құжаттама басқармасының бас­тығы Ғазиза Исахан. Мақалада Мұстафа Шоқайдың Париждегі мұрағатында сақталған, 1923-1927 жылдарда «Дни», «Последние новости» басылымдарында шыққан жарияланымдары берілген. «Ташкенттің «Түркістан» газетінің (1922 жылдың 13 қыркүйегінен бастап «Қызыл Байрақтың» орнына шығады) 1922 жылғы 16 желтоқсандағы нөмірін­де келтірілген қысқаша цифрлар дерегі 1921 жылғы Ферғанадағы большевиктер жасырған алапат аштықтың сұмдық көрінісі. «Түркістан» дерегі - облыстың «басқа аудандарымен салыстырғанда аз-кем зиян шеккен» бір ғана Наманған уезіне қатысты. Бұл цифрлар мынадай: уездің халқы 1920 жылы 230 880 адам (1914 жылы - 303 790 адам) болады, ал 1922 жылы барлығы 190 675 ғана адам есептелді. Бұдан шығатын қорытынды 1921 жылы халық 40 205 адамға азай­ға­­­­­ны айқындалады» делінген мақалада. Сонымен қатар, «Түркістанның ащы шындығы», «Аштық», «Түркістанға аштық қаупі төніп тұр» деген тақырыпшалармен М. Шоқайдың әр жылдарда жазған мақалалары берілген.

***

 «Айқын» газетінде мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековпен болған сұхбат «Қазақтың бәрі - қимас жақыным» деген тақырыппен беріліп отыр.

«Ең қиын кезеңде Елбасының жанында болдым. Жауапты жыл­дарды, ел үшін, келешек үшін түн ұйқы төрт бөлінген ауыр жылдарды бірге өткіздік. Елге де, ерге де сын болған сол бір жылдарда халықты адастырмай алып шығу - ердің еріне, азаматтың ақылы мен арына артылған ауыр жүк, тарихи аманат еді. Біз бұл міндетті абыроймен орындап шықтық. Менің барлық саналы өмірім ұлтқа қызмет етуге арналып келеді», - дейді Мырзатай Жолдасбеков сұхбатында.

Сонымен қатар, ол түркі дүниесі, тәуелсіздіктің елең-алаңы, қазіргі қазақ зиялылары және басқа да мәселелер туралы тұщымды ойларымен бөліседі.

Сондай-ақ, аталмыш газетте М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжігіт Әлібекұлының «Досмамбет жырау кім болған?» атты зерттеу материалы жарық көрді. «Ноғай - бір халықтың неме­се ру-тайпаның атауы емес. Автор Ақсақ Темірдің жарты жаһан­ға билігін жүргізген Алтын Орданы күйретуі бір мемлекет туы астына біріккен түркі тай­паларын бір-бірінен ажыратып, өз алдына жеке хандықтар құруға негіз болғандығын, ал Тоқтамыс ханды тақтан тайдырған Едіге Ноғай ұлысына өз билігін жүргізгендігін айта келе «Ноғай - Батудың көптеген жорығына қатысқан және Алтын Ордаға билік жүргізген бес ханның тұсында қолбасшы болған кісі есімі. Алтын Орда шекарасының кеңеюіне, мемлекеттің өркен­деуіне зор ықпал еткен. Ол өзінің әскери қолбасшылық дарыны­ мен хандарға айтқанын істете білді. Оның келісімінсіз мемле­кеттік маңызды шаруалар ше­шілмеді. Ноғай әскерінің құра­мына кірген рулар, тайпалар өздерін «Ноғай әскері», «Ноғай жұрты», «Ноғай­лы» деп атаған. Но­ғайлылар ара­сында қыпшақ­тар, алшындар, қоңыраттар, маң­ғыттар, қарақалпақтар, татар­лар, башқұрттар, қырғыздар және басқа да ру-тайпалар болды. Соңғы кездерде көптеген ғалым­дар жазып жүр­гендей ноғайлы­лар тек Дон жағалауы мен Еділ-Жа­йық арасын ғана мекендемеген. Ноғайға ба­ғынған ұлыс Алатау мен Донның, Сырдария мен Сі­бірдің аралы­ғында созылып жатты», - деп Ноғай ұлысына кеңірек тоқталады.

Оның айтуынша, ноғай мен қазақтың арасы әлі толық ажырап бітпеген заманда өмір сүріп, сөздері бүгінгі күнге дейін жеткен ақынның бірі - Досмамбет еді. Досмамбеттің туған, қайтыс болған жылдары туралы ғалымдар бір тоқтамға келе қойған жоқ. Қазақ жырау­ларының шығармаларын бір кітапқа жинақтаған М.Мағауин Досмамбеттің өмір сүрген уа­қытын XV ғасырдың екінші жар­тысы мен XVI ғасырдың алғашқы ширегі деп көрсетеді. Бұл пікірге әдебиеттанушы-ғалым Х.Сүйін­шәлиев те қосылады. XV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шы­ғармаларын қамтыған жинақта Досмамбет XV ғасырдың 90-жылдардың орта шенінде Азау қаласында туып, 1523 жылдың бас кезінде Астрахан түбінде қаза табады деген дерек келтірілген.

 
***

 «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы Дат айдарында, белгілі қаржы маманы Марат Сатыбалдинмен кең көлемді сұхбат жарияланған. «Бізге және мемлекеттік қадағалаушы органдарға келіп түсіп жатқан шағымдарға қарағанда қоғам үшін банк омбудсманы қажет» деген тақырыпта ой өрбіткен қаржыгер, қазіргі ел экономикасындағы түйткілдер мен банк жүйесінде қордаланған мәселелерді сөз етеді. Қаржыгер маман - өзін сыйлаған банк - клиенттеріне, яғни халыққа бұлжытпай қызмет етуі тиіс дегенді айтады.

Газеттің «Тұлға» бетінде «Біртуар» айдарымен халқымыздың аяулы перзенті, қайраткер-ғалым, көрнекті қаламгер Зейнолла Қабдоловтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шәкірттерімен шұғылалы ұстаз» атты сүбелі мақала жарияланған. Көзі тірісінде-ақ талғампаз әдеби сыншы ретінде танылған ғалым, ең оқырманы көп ұстаз деген атқа лайықты тұлғаға айналды. Кезінде Мұхтар Әуезов сынды заманның заңғар жазушысының мектебінен өткен Зейнолла Қабдолов бүгінде әдебиет пен ғылымда, жалпы әдебиетте өзіндік мектебін де қалыптастыра білген. Аталған зерттеу мақала ғалымның еңбегін талдауға арналған.

 Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ауыл, аудан мен ірілі-ұсақты мекемелердің мерейтойларын дүбірлетіп өткізу дәстүрге айналған. «Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 20 жыл толса да, кеңестік кезде қалыптасып, негізін қалаған аудан, мекемелердің атын жалаулатып, шашылып той ұйымдастыру қаншалықты қисынды?»  Осы төңіректе ой-көкпар айдарында мамандар пікірталасқа түседі.  Қалай десек те, бізге Тәуелсіз мемлекеттің тарихы аса қымбат.

 Газеттің қазақ спортына арналған «Дода» бетіндегі негізгі мақала грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш еуропа чемпионы, әйгілі Мәскеу олиммпиадасының жеңімпазы Шәміл Серіковті еске алу турнирінің барысын баян етеді.  «Классикалық күрес королін еске түсіру» атты мақала Шәміл сынды ұлт оғыланын ұлықтауға арналған. Алматының «Достық» спорт кешенінде өткен еске алу турнирінің соңында  атақты спортшы атындағы турнирдің жеңімпаздары марапатталып, алдағы уақытта ұлт мақтанышына айналған мұндай саңлақтарымыздың жетістігін халықаралық деңгейде насихаттау керектігі айтылған.

Соңғы жаңалықтар