10:16, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Айтыскер ақын Ерік Асқаровтың «Жүрекжарды» жаңа жыр кітабы жарық көрді
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қайыңнан шапқан қайығым менің тербеліп, Барады жүзіп, желкенін ерке жел керіп», деп жырлап өткен айтыскер ақын Ерік Асқаровтың «Жүрекжарды» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ерік Асқаров ? Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың және Қазақстан комсомолы сыйлығының иегері, халықаралық «Түріксой» поэзия фестивалінің лауреаты. Өмірден ерте кеткен ақынның артында асыл мұрасы ? жауһар жырлары қалды. Кітапты құрастырып, Астанадағы «Фолиант» баспасына ұсынған ақын Дәулеткерей Кәпұлы.«Шыға шапқан жүйрік еді» деген тақырыпта жыр жинақтың алғы сөзін жазған ақын Несіпбек Айтұлы: «Ерік аз ғұмырында артына мол мұра қалдырды. Туған халқын, туған топырағын емірене, егіле жырлап өтті. Абайды пір тұтып, Мағжанға тағзым етті, Қасымды ардақтап, Мұқағалиға мұңын шақты», деп ой толғапты.Жаңа жыр жинаққа бұрынғы кітаптарында жарияланған өлеңдері мен еш жерде әлі жарық көрмеген туындылары да енген. Бұл кітапта Ерік ақынның «Сантас», «Сауыр тілген», «Сегіз сері», «Абылай хан», «Электричкада», «Қазақстан ғасыры» «Бозауыз ат» атты поэмалары беріліп отыр. Сонымен қатар Ерік Асқаровтың әр жылдары Әселхан Қалыбековамен, Қонысбай Әбілевпен, Жібек Сыздықовамен, Әсия Беркеновамен, Әзімбек Жанқұлиевпен және Есенқұл Жақыпбековпен сахна төрінде сөз сайыстырған айтыстары жарияланған.Ерік Асқаров 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда дүниеге келген. Қазақ драма театры жанындағы актерлік студияны, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын және Көкшетау гуманитарлық университетін бітірген. Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» повесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы бойынша бейнефильмдер түсірген. Бірнеше жыр жинақтары жарық көрген.Ерік ақын тірі болғанда биыл 50 жасқа толар еді. Ол 2003 жылы 44 жасында дүниеден озды. Артында жарқын жырлары қалды.