Айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбеков дүниеден озды

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, танымал ақын Есенқұл Жақыпбек алпыс жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ол 1954 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1990 жылы ҚазМУ-ді бітірген. Суырып салма дарынымен танылған айтыскер. Алғашқы өлендері 1984 жылы "Жалын" баспасынан шыққан "Қарлығаш" атты жинаққа енді.
«Бастау», «Біз екеуміз», «Ағымнан жарыламын», «Жерге табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Жетісу жырлайды», «Сарғайған сары терезе», «Тау басында кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» сынды оннан аса кітаптары оқырман жүрегінен жол тапқан. Екі жүзге жуық өлеңдеріне ән жазылды. «Қара күз», «Алдай-ау», «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Тұманды түн» сияқты жиырмаға жуық ән шығарған сазгерлік қыры да халық арасына кеңінен тараған. Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанды.