Азаматтардың банк шоттарына шектеу қою талаптары өзгере ме
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Алмас Мухаметов Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке азаматтардың банк шоттарына шектеу қою талаптарын өзгертуге қатысты депутаттық сауал жолдады.
Оның сөзінше, бұл – қазір өте өзекті мәселенің бірі. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, 90 күннен астам төленбеген проблемалық кредит көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар, депутат Әділет министрлігінің дерегіне жүгіне отырып, атқарушылық іс жүргізу кезінде 1,5 миллионнан астам адамның банк шотына тыйым салынғанын мәлімдеді.
– Әрине, азамат алған қарызын қайтаруы керек. Бірақ қазір төлемнің көбі цифрлық түрде жасалатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам бұдан кейін қалай өмір сүреді? Жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік, дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? Аяқ-қолын матап тастап, адамнан жүгіруді қалай талап етеміз?! Тапқан табысы қолына тимейтін адамның еңбекке ынтасы жоғалады. Қарызды тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін айдай анық ақиқат, – деді ол.
Алмас Мухаметов Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңында көрсетілген норманы еске салды. Оған сай, борышкер шотындағы кірістің кемінде 50%-ы және өмір сүруге керек ең аз ақша сақталуы тиіс деген талап бар.
– Бірақ ол қағаз жүзінде ғана. Іс жүзінде шотқа шектеу қойылғанда адамның өзіне қалуы тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеледі. Сол себепті, заң нормаларының осы талаптары банктік және микроқаржы ұйымдарының келісімшарттарында да анық жазылуы керек, – деді депутат.
Осыған байланысты нақты ұсыныстарын да жеткізді:
• борышкердің өмір сүруіне керек ең аз ақшаның сақталуын несие шартында міндетті түрде жазу;
• осы тәртіпті банктердің жүйесі арқылы автоматты түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыру;
• банк шотына шектеу қойылған кезде адамның негізгі керегіне жұмсайтын ақшасын пайдалану тәртібін нақты белгілеу.
Алмас Мухаметовтың пікірінше, қарыз қайтарылуы керек, бірақ қарыз үшін адамды қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен толық айыруға болмайды.
– Біздің ұсынысымыз азаматты қарыздан босатуға емес, қарыз өндірілген кезде оның өміріне керек ең аз ақшасын сақтауға бағытталған, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «Микрокредит ұйымы жабылса, қарыз жойыла ма?» деген сұраққа жауапты жариялағанбыз.