Азаматтық бастамаларды қолдауға арналған шағын гранттар байқауына 520 өтінім түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған 1 000 000 теңге көлеміндегі шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

документы, бизнес
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, биыл байқауға сегіз бағыт бойынша барлығы 520 өтінім түсті. Қатысушылардың басым бөлігі тарих пен мәдениет саласындағы волонтерлік (103), әлеуметтік (102) және экологиялық волонтерлікті дамыту (76) бағыттарын таңдаған.

Сонымен қатар медицина, зооволонтерлік, төтенше жағдай, инклюзивті қоғам және ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды дамытуға арналған жобалар ұсынылды.

2025 жылмен салыстырғанда, медицина, төтенше жағдай саласындағы және әлеуметтік волонтерлік бойынша белсенділік артқаны байқалады.

Қазіргі уақытта келіп түскен жобаларды сараптау кезеңі басталды. Тәуелсіз сарапшылардың шешімімен ең үздік жобалар іріктеліп, қаржылай қолдауға ие болады.

Байқау қорытындысы мына сайтта жарияланады.

Осыған дейін ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленіп жатқаны туралы жаздық.