Азаматтық қоғам Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етеді — БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Сарангоо Раднаарагчаамен сұхбаттасқан едік. Ол тұрақты даму мақсаттарына жету жолындағы азаматтық қоғамның рөлі, SDG Index 2026 рейтингіндегі Қазақстанның жетістігі, сондай-ақ, БҰҰ мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық т. б. тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітті.
— Азаматтық қоғам тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Бүгінде БҰҰ Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдармен, жастар бірлестіктерімен, сарапшылар қауымдастығымен және еріктілермен ынтымақтастықты қалай құрып жатыр?
— Азаматтық қоғам — тұрақты даму мақсаттарына жеткізетін негізгі факторлардың бірі. Ең алдымен, қолдау үдерісіне бастапқы кезеңнен бастап қоғамдық ұйымдар тартылады. Олар Қазақстандағы БҰҰ жұмысының басымдықтары мен жоспарларын айқындауға ықпал етеді. Мысалы, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұтас жүйесін қамтитын 2026–2030 жылдарға арналған Ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасын әзірлеуге тікелей араласады. Жергілікті деңгейдегі жұмыстар да жүргізіледі. Соның арқасында ҮЕҰ бізге үні көпшілікке жете бермейтін адамдардың, әсіресе осал топтардың ой-пікірін, арыз-шағымын тыңдауға, естуге мүмкіндік береді.
Біз, сондай-ақ, нақты, практикалық жобаларды бірге жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, әртүрлі секторлардағы саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, өзгерістер енгізуді ұсынамыз; зерттеулер мен оқыту жұмыстарын жүргіземіз; босқындарға, мигранттарға, ауыл әйелдеріне, жастарға және көмекке мұқтаж басқа да адамдарға қолдау көрсетеміз. Мысалы, БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қоры «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығымен ынтымақтастық орнатып отыр. Енді инклюзия, репродуктивтік денсаулық және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне араласу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істейміз. БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы да бірқатар шаруа атқарады. Ол бірқатар қоғамдық ұйымдармен босқындарды, баспана іздеушілерді және азаматтығы жоқ адамдарды қорғау мәселелері бойынша қызмет етеді. Құқықтық және әлеуметтік қолдау, қызметтерге қолжетімділік, құқықтардың сақталуына мониторинг жүргізу, адвокацияны және оны қорғау тетіктерін жетілдіруге жәрдемдесу аталған басқарманың міндетіне жатады. Ал БҰҰ жобалар жөніндегі кеңсесі (UNOPS) Еуропалық Одақтың қолдауымен «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды қолдау тетігі» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба азаматтық қоғам ұйымдарының әлеуетін нығайтуға және олардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын, ықпалын кеңейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, ҮЕҰ бізге ашық болуға әрі үнемі есеп беріп отыруға көмектеседі. Олар жұмысымыздың нәтижелерін бақылап, бағалайды, пікір білдіреді. Жұмысымызды қай бағытта жақсартуға болатыны жөнінде ұсыныстарын жеткізеді.
Азаматтық қоғам — БҰҰ-дағы шешім қабылдаудың бір тетігі. БҰҰ-ның кейбір агенттіктерінде азаматтық қоғамның консультативтік кеңестері жұмыс істейді. Ал БҰҰ-ның елдік командасы жанында Жастар кеңесі бар. Жалпы, БҰҰ-ның өзі денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік теңдік, адам құқықтары, қылмыстың алдын алу және тағы басқа көптеген бағытта жұмыс істейтін агенттіктерден құралған үлкен оркестр секілді. Сондықтан біз түрлі салалардағы ондаған ұйыммен ынтымақтастық орнатамыз.
Мәселен, волонтерлікті жеке бір бағыт ретінде қарастырамыз. 2020 жылдан бері ЮНИСЕФ, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісімен бірлесіп жұмыс істеді. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам волонтерді тартылды, 100 мыңнан астам бала мен ата-ананы қамтылды. Негізінен, жасөспірімдердің психикалық саулығы мен әл-ауқаты, буллингке қарсы іс-қимыл, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, білім беру, климаттың өзгеруі және апаттар қаупін азайту сияқты бағыттарға мән берілді.
Қысқаша айтқанда, азаматтық қоғам біз үшін БҰҰ-дан жай ғана көмек алушы емес, шынайы серіктес. Ол жобаларымызды іске асыруға белсенді қатысады. Азаматтық қоғаммен бірлесіп, тұрақты даму мақсатында атқарылған жұмыстардың халыққа пайдалы болуына және бұқара өміріне нақты өзгерістер әкелуіне әсер етуге тырысамыз.
— Осындай серіктестіктің қандай бағыттары келешекте зор жеміс береді деп санайсыз? Азаматтық қоғам өкілдерінің Қазақстандағы БҰҰ бастамаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысуы үшін қандай мүмкіндіктер бар? Өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтіп, тиімділігін арттыру үшін не істеу қажет?
— Менің ойымша, ынтымақтастықтың барлық бағыты болашақты оң нәтижесін береді. Мысалы, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік қорғау, адам құқықтары, жастармен жұмыс және осал топтарды қолдау бағыттарын атап өтуге болады. Бірақ бір реттік көмек жүйелі өзгерістерге ұласпаса, ұзақ мерзімді нәтиже беруі екіталай.
Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен басқа да серіктестер біздің қолдауымызбен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда азаматтық қоғамның 70-тен астам өкілі қатысты. Біз тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жайын талқылап, бірлесіп ұсынымдар әзірледік. Мәселен, азаматтық қоғамды ТДМ жөніндегі Үйлестіру кеңесінің құрамына енгізуге қатысты мәселе қаралды. Бұл ұсынымдар Үкіметке жолданады. Дәл осындай жүйелі өзгерістер ұзақ уақытты талап етіп, нәтижесі де бірден байқала бермейді. Бірақ олар халықтың әл-ауқатын тұрақты түрде жақсартуға жол ашады.
Қазақстан Үкіметі азаматтық қоғамды қолдау үшін қазірдің өзінде көп жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Қоғамдық кеңестер, заң жобалары бойынша консультациялар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және өзара іс-қимылдың басқа да тетіктері бар. Сондықтан қалаған адамға саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктері қолжетімді. Біздің ортақ міндетіміз — бұл мүмкіндіктерді кеңейту, азаматтық ұйымдардың шешім шығару барысына ең басынан бастап атсалысуын қамтамасыз ету және ынтымақтастықты нәтижелі ету.
Әрине, қоғамдық ұйымдардың да өз қиындықтары бар. Оларға көбіне қаржы жетіспейді, кадр тапшы және жүктеме ауыр. Сонымен бірге бұл секторда өз ісіне шын берілген, күн сайын басқа адамдарға көмектесетін жандар жұмыс істейтінін естен шығармаған жөн. Сондықтан олардың әлеуетін одан әрі нығайту, тұрақты диалог алаңдарын құру, тәжірибе алмасу және мүмкіндігінше қажетті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Қоғамдық ұйымдарға халықтың осал топтарына қызмет көрсету міндетін ғана жүктеп қою дұрыс емес. Олар түрлі салалардағы саясатты әзірлеуге де қатысса, нұр үстіне нұр болар еді.
— Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі халықаралық ұсынымдар көбіне өте ауқымды болады. Соңғы жылдарда Қазақстандағы азаматтық қоғамның ең табысты бастамалары ретінде қандай жобаларды атар едіңіз? Жергілікті белсенділердің идеялары нақты мемлекеттік шешімге немесе заңға айналған жағдайлар орын алды ма?
— Меніңше, тек бір мысалды немесе бір ұйымды өзгелерінен бөле-жара қарау дұрыс емес. Өйткені, Қазақстанда мұндай бастамалар өте көп. Елде 20 мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Олар ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетеді, Арал мен Каспий теңізін қорғауға атсалысады, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмектеседі, темекі шегуге қарсы күреседі және басқа да көптеген маңызды мәселелермен айналысады.
Қоғамдық ұйымдардың идеялары заң ретінде қабылданған фактілерді де білемін. Мысалы ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызу туралы заңды айтуға болады. Оны қабылдауды көптеген ұйым жылдар бойы талап етіп келді. Вейптерге тыйым салу және басқа да шешімдер туралы да осылай дер едім. Олардың қабылдануына көп жағдайда азаматтық қоғамның табанды жұмысы ықпал етті.
Жүйелі серіктестік мәселесінде де жарқын мысалдар бар. Мәселен, Еуропалық Одақ және БҰҰ-ның әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған өңірлік Spotlight Initiative бағдарламасы бар. Бастама аясында Орталық Азиядағы азаматтық қоғамның 500-ден астам өкілін жұмылдырған өңірлік желі құрылды, 4 мыңнан астам белсенді оқудан өтті, ал жергілікті ұйымдарға қауымдастықтармен тікелей жұмыс істеуі үшін гранттар берілді.
— Жақында әлемдік SDG Index 2026 рейтингінде Қазақстан 169 елдің ішінде 67-орынға ие болды. Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жолында ілгеріледі деп айта аламыз ба?
— Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ілгерілеуін оң бағалаймын. ТДМ индексінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда үш сатыға көтерілді, 169 елдің ішінде 70-орыннан 67-орынға жоғарылады. Денсаулық сақтау, су және санитария, лайықты жұмыс орындары мен экономикалық өсу, инфрақұрылым және инновациялар, қалалардың тұрақты дамуы, сондай-ақ, тұрақты даму мақсатындағы әріптестік сияқты алты көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады.
Алайда ТДМ индексі БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын бақылайтын ресми жүйесіне жатпайтынын айта кету керек. Басқаша айтқанда, бұл рейтингті БҰҰ жасамайды. Рейтинг авторлары, яғни тәуелсіз сарапшылар тобы ТДМ-ның ресми көрсеткіштерін ғана емес, қосымша дереккөздерді де пайдаланады. Сондықтан оны пайдалы халықаралық дереккөз ретінде қарастырған жөн. Бірақ барлық ТДМ-ға қол жеткізу деңгейінің дәл әрі толыққанда көрсеткіші деп қабылдауға болмайды.
ТДМ индексіне сәйкес, Қазақстан БҰҰ аясындағы көпжақтылықты қолдау деңгейі өте жоғары елдердің қатарында. Бұл Қазақстан Президентінің БҰҰ-ны мен көпжақты ынтымақтастықты қолдауға бағытталған берік ұстанымын көрсетеді. Бұл ұстаным нақты бастамалардың арқасында одан әрі нығайды. Атап айтқанда, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ТДМ жөніндегі өңірлік орталығы, сондай-ақ Алматыда ЭСКАТО аясында тұрақты даму жөніндегі цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты орталығы құрылған еді. Бұл — Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосып жатқан зор үлесінің бірі ғана.
Біз, сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің ТДМ-ға қол жеткізуді бақылау және бағалау жөніндегі жыл сайынғы ұлттық есеп дайындау туралы шешімін құптаймыз. Мұндай тетік жақсы көрсеткіш көрсетіп отырған және, керісінше, тоқырап тұрған бағыттарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Соған сай, тиісті шаралар қабылданып, ақсап тұрған салаларға айрықша назар аударылады. БҰҰ-ның елдік командасы осы есепті дайындау барысында жан-жақты сараптамалық қолдау көрсетуге дайын.
Айта кетейік, бұған дейін Президент БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдағанын жазғанбыз.