Азаматтың жалғыз баспанасын сот шешімінсіз тартып алуға болмайды — Қазақстан заңгерлер одағы

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияға сай азаматтың жалғыз баспанасынан сот шешімінсіз шығару мүмкін емес. Бұл туралы «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

Цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтіледі — Серік Ақылбай
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, бұл өзгеріс тұрғын үйге қатысты азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді.

— Бұған дейін қарызы бар азаматтарға қатысты кей жағдайда нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде іс сот орындаушыларына беріліп, адамдарды үйден шығару фактілері кездескен. Енді адам өзі тұрып жатқан жалғыз баспанасынан тек сот шешімімен ғана шығарылуы мүмкін, — деді Серік Ақылбай.

Спикердің сөзінше, жаңа тәртіп азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша кепілдік береді.

— Азаматтың құқығы күшейеді. Мемлекет заң арқылы оған кепілдік береді. Егер тұрғын үйден шығару мәселесі туындаса, ол міндетті түрде сотта қаралып, сот шешімі шыққаннан кейін ғана орындалады. Сот шешімінсіз тұрғын үйден шығару болмайды, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция жобасында Халық кеңесіне заңнамалық бастама көтеру және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілетіні туралы жазғанбыз.