Азаматтық іс жүргізу барысында адвокатураның рөлі күшейе түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық іс жүргізу процесі барысында адвокатураның рөлі күшейе түседі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа редакциядағы Азаматтық іс-жүргізу кодексі жобасының таныстырылмы барысында палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев мәлім етті.
Комитет басшысының айтуынша, жаңа жоба заман талабынан туындайтын үдерістерді реттеуге бағытталады. «Кодекс жобасының жаңалықтарына келсек, біріншіден, сотта қарауға істерді дайындаудың мерзімі ұзартылып отыр. Осыған байланысты сотқа қуыну шағымдары қабылданғаннан соң соттар мен басқа да процесске қатысатын тараптардың әрекеттері нақты регламенттеледі. Екіншіден, сотқа дейінгі талқылау барысында барлық қатысушылар айғақтарын ұсынуы тиіс болады. Егер олар сотқа дейін айғақ пен дәлелдерін ұсына алмаса, онда сотта істі қарау барысында ұсынулары тиіс. Тек ерекше жағдайларда ғана апелляциялық инстанцияларда айғақтарды ұсынуға рұқсат беріледі», - дейді Рахмет Мұқашев.
Бұдан бөлек, оның сөзіне қарағанда азаматтық іс жүргізу барысындағы адвокатураның рөлі күшейтіле түседі. Мәселен, адвокаттар мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, заңды тұлғалардан анықтамалар немесе басқа да құжаттар сұратуға құқылы болады, сондай-ақ қорғаушылардың заңгерлік көмек үшін басқа да әрекеттерге құқығы қарастырылады.
Сонымен қатар, азаматтық іс жүргізу барысында медиация, яғни бітімгершілік институты да нығайтылады. Тараптардың өтініш хаттары негізінде бітімгерлік келісімдері де жасалатыны көзделіп отыр. «Жаңалықтардың бірі - «партисипативтік процедура» енгізу. Бұл ретте адвокаттар бітімгерлік келісімге міндетті түрде жәрдемдесулері керек болады. Сонымен қатар, сотқа шағымдану барысында төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылады», - дейді Р. Мұқашев.
Бұнымен қоса, комитет басшысы процессуалдық құқықтар мен міндеттерді асыра пайдаланудың алдын алу үшін қатаң шаралар қарастырылатынын да алға тартты.