Азаматтық қоғам қалыптастыруда атқарылған іс те, алға қойылған мақсат та көп

sp;АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат  /Айдар Оспаналиев/  - Әлемде азаматтарды жұмыс орындарымен ең көп қамтамасыз ететін орган үкіметтік емес ұйымдар екен. Олардың ең ірі дегендері миллиондаған  адамдарға дейін жұмыс беруге қауқарлы. Оның үстіне аталмыш ұйымдар елдегі әлеуметтік мәселелерді де шешуге ықпал ете алады.  Яғни, ол бәзбіреулер айтып жүргендей, елдегі демократиялық құндылықтардың қалыптасуының көрсеткіші ғана емес, мемлекет экономикасын дамытуға қажетті зор  күш те болып табылады.

Азаматтық қоғам қалыптастыруда атқарылған іс те, алға қойылған  мақсат та көп

  Ал біз бүгін осы күшті өзге дамыған мемлекеттер сияқты экономиканы ілгерілетуге, оны жаңғыртуға пайдалана алдық па?

 Кешегі өткен IV Азаматтық форумда осы мәселе кеңінен талқыланды. Талқыланып қана қоймай осы мәселеге қатысты жаңа, тың деректер негізінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері өзара ой бөлісті.

         Мемлекеттік хатшы, еліміздің Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мырзаның сөзінше, елде азаматтық қоғамды дамытуға   тәуелсіздік алған жылдардан бері көңіл бөлініп, бұл бағытта қыруар шаралар атқарылды. Бүгінде үкіметтік емес сектор мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Осыған орай Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне ұдайы көңіл бөліп, олардың қажеттіліктерін барынша қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам коммерциялық ұйымдар болса, олардың 13 мыңнан астамы үкіметтік емес ұйымдар. Олардың саны тек биылдың өзінде ғана 10 пайызға өскен. Үкіметтік емес ұйымдар 550 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Әлемді жаһандық дағдарыс жайлап отырғанына қарамастан, елімізде үкіметтік емес секторды қаржыландыру көлемі  едәуір ұлғайып келеді. Биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдегі әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыруға мемлекет 1,2 миллиард теңге қарастырған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 45 пайызға жоғары болып отыр.

Өз кезегінде үкіметтік емес ұйым өкілдері де әлеуметтік саладағы жаңа жобаларды жүзеге асырып, елдің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Ең бастысы, олар Ата заңымызда көрсетілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету сияқты демократияны басты бағыт етіп ұстанған мемлекет үшін маңызды мәселені мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыруда. Атап айтқанда, биыл 206 үкіметтік емес ұйым Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен 226 әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырған және олар қолға алып отырған жобалар түрлі саланы қамтиды. Қорыта айтқанда, үкіметтік емес ұйымдар іскерлік танытып, мемлекет артып отырған сенімге лайықты қызмет ете алды. Сондықтан да мемлекет аталмыш саламен байланысты одан әрі де белсенді жалғастыра бермек. Мемлекет тіпті болашақта азаматтық қоғаммен жұмысты жетілдіру жолдарын да қарастырып отыр. Яғни, алдағы үш жылда үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру көлемі республика көлемінде 1,5 миллиард теңгеге жуықтаса, ауылдық аймақтарда бұл көрсеткіш миллиард теңгені құрайды және аталмыш қаржы әр жыл сайын бөлініп тұрмақ. Сондай-ақ қазіргі таңда үкіметтік емес сектордың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жанданып отыр. Сөйтіп, елде азаматтық қоғамды дамыту мақсатында арнайы қабылданған тұжырымдаманың бірінші кезеңі толығымен аяқталмақ. Ең бастысы, тұжырымдаманың бірінші кезеңіне жоспарланған міндеттер толығымен талапқа сай жүзеге асырылды. Үкіметтік емес ұйымдардың аталмыш құжат талаптарын орындаудағы сіңірген еңбектері зор.

Соған қарамастан, үшінші секторды бүгін мемлекет экономикасын биіктерге жетелейтін үлкен, ықпалды салаға айналды деуге әлі ерте. Себебі оның жұмысында әлі де болса жетілдіруді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Форум барысында бұл бағыттағы шараларға Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, Елбасы бұл бағытта мемлекеттің алдына бірқатар міндеттер қойып отыр және ол міндеттер азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін қамтиды. Бұл ретте бірінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты құқықтық базаны жетілдірген жөн. Бұл жұмыстар біздің азаматтық қоғамды дамытуға қатысты қол жеткізген жетістіктеріміз бен тәжірибеміз негізінде өрбуі тиіс. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу шараларын оңтайландырып алу қажет және оны халықаралық тәжірибе негізінде іске асырудан ұтатынымыз көп. Әлеуметтік тапсырыстардың сапасын арттыру  да осы бағыттағы келелі мәселелердің бірі. «Бұған қоса мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктерін «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» бір ғана заңмен реттеуді жолға қою қажет. Әйтпесе, бұл жұмыстар қазір "Мемлекеттік сатып алулар туралы" сияқты өзге де бірқатар заңдардың сілтеме нормалары негізінде жүзеге асырылуда", деді Мемлекеттік хатшы.

Қ.Саудабаев атап көрсеткен тағы бірқадау мәселелер мынаған келіп тіреледі. Елде азаматтық қоғамның бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік немесе қоғамдық қор құру қажет. Аталмыш қор мемлекет пен жеке сектордың әріптестік қатынастарын жүзеге асыратын орган немес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың бірыңғай операторы болуы тиіс.  Ал үкіметтік емес ұйымдардың грант негізінде қаржыландырылуы тиіс жобаларын қарау шарасы Азаматтық альянс пен Парламент депутаттарының, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылғаны жөн. Сондай-ақ қаржыландыру жұмыстары еліміздің үш жылдық бюджет жобасы негізінде ұзақ мерзімге бағытталғаны тиімді.

«Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар тиісті жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржы алады. Сол үшін олар салық төлейді. Бұл тіпті ақылға сыйымсыз әрекет. Бұған қоса бізге қазір «әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес» түсінігін заң негізінде бекіту керек. Бұл қайырымыдылық шараларымен ұдайы айналысатын компанияларды ынталандыра түседі. Бұл мәселелерді Мәдениет және ақпарат министрлігі жан-жақты талқылап, тиісті нақты ұсыныстар енгізуі

қажет. Сондай-ақ құзырлы орган әлеуметтік қызметтер сапасының стандарттарын енгізуі керек. Болашақта мемлекет әлеуметтік қызмет саласындағы жұмыстарды негізінен коммерциялық ұйымдардың мойындарына жүктегені жөн. Сонда мемлекет болашақта үкіметттік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру, оларды бағалау мен  бақылап отыру жұмыстарымен ғана айналысатын болады. Үшінші секторды институт ретінде дамыту керек. Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби деңгейін арттырып, осы салаға әлеуметтік маркетинг пен сертификаттау қызметін енгізу  қажеттігін ескере отырып, жоғары оқу орындарында коммерциялық емес менеджмент тәртібіне қатысты арнайы бағдарлама енгізуді зерделеу керек. Сондай-ақ үкіметттік емес ұйымдардың саны артып, олардың қызметінің сапасы өссін десек, ресурстық орталықтардың қызметін жандандырған да жөн. Жалпы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңін жүзеге асыруда ресурстық орталықтардың күші жергілікті жерлерге үкіметтік емес секторда қажетті кадрларды дайындауға жұмсалуы қажет», деді Мемлекеттік хатшы.

 Форум барысында оған қатысушылар тарапынан көтерілген басты мәселелердің бірі осы ұйымдарда жұмыс істейтін кадр мәселесіне байланысты болды. Бүгінде еліміздің Алматы мен Астана сияқты ір қалаларына ғана шоғырланған үкіметтік емес ұйымдардың қызметі ауылдық аймақтарда жоққа тән. Сондықтан  да болар Мемлекеттік хатшы Мәдениет және ақпарат министрлігіне  аймақтағы әкімдіктермен бірлесе отырып, аудандық деңгейде де ресурстық орталықтар құруды тапсырды. Қ.Саудабаевтың сөзінше,  үкіметттік емес ұйымдар ауылдық аймақ тұрғындарының әлеуметтік мәселелеріне күш салғаны абзал. Өйткені онда қазір фермерлік қызмет, еңбекпен қамту, ауыз су, ауылдарды көріктендіру мен көгалдандыру сияқты өзге де мәселелер жетерлік. 

Қорыта айтқанда, екі күнге созылған форум барысында үкіметтік емес сектордың қызметіне қатысты кең ауқымды мәселелер қозғалды.

Жиын барысында ұсыныс та, пікір де айтылды. Оларды сараптасақ, азаматтық қоғамды дамытуда қол жеткізілген жетістіктер жетерлік. Ал атқарылуы тиіс мәселелер одан да көп. Ең бастысы, демократиялық жолды бағыт етіп ұстаған Қазақстанда азаматтық қоғамның аяқ алысы жаман емес. Бұл еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етер тұсында ауыз толтырып айтарлықтай ерекше жаңалық болатыны сөзсіз.