Азаттық жолында жанын берген Исатай батырдың есімі дәріптелуі тиіс – БҚО қазақ драма театрының директоры Қ. Төлеуішев
Л. 18 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 2011 жылы желтоқсанда тойланатын ең ұлы мерекеміз - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, елінің азаттығы мен жерінің тұтастығы жолында қасық қаны қалғанша күресіп, шыбын жанын пида еткен Исатай батырдың есімі де дәріптелуі тиіс. Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Құжырғали Төлеуішев былайша әңгімелеп берді.
- Келесі, яғни 2011 жылы «елім, жұртым» деп жүріп бүкіл үрім-бұтағымен құрбан болған Исатай батырдың туғанына 220 жыл толады екен. Арғы-бергі тарихты саумаласақ, осы жылдардың ішінде «батырым» деп басын қарайтып, бесті бие бауыздап, ас берген кезіміз болмапты. Бүгін де «бауырымдап» боздап отырған ешкім көрінбейді. Қайран, Махамбет! Осылай боларын бұдан 200 жыл бұрын қалай дөп басқансың.
«...Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
...Қызғыштай болған есіл ер
Сүйткен де жұрттан не көрді?».
Бұл жерде бүкіл қазақты қаралауға болмас. Қазақстанның қай түкпірін алсаң да, қазір батырынан бастап бақырына дейін құрығанда мүсін қойып жатыр. Мешіт ашып, мемориал соғуда. Бұл дұрыс та шығар. Себебі осы уақытқа дейін өсер ұрпағымызға өзіміздің тарихты қоя тұрып, өзге тарихты үйретудей-ақ үйреттік қой. Өзімізге де «Қалың оқулықтар жазып», қоладан мүсіндер соғатын кез келген шығар. Тек жарты жонымыз алып Ресейдің ұсынса қолы, тістесе тісі жететін жерде жатқан біздің жайбарақаттығымызға жол болсын.
Арғы-бергі тарихта Исатайдың атын Махамбеттей дәріптеген, Махамбеттей аялаған ақын да, ет жақын туыс-туғандары да болған жоқ. Бүгінгідей достың да, ағаның да қадір-қасиеті кетіңкіреп, тұрған шақта өсер ұрпаққа Махаңның «Исатай» деген ағасын» неге соншама қастерлегенін, неге өзін қоя тұрып, халыққа Исатайдың атын ұшпақтағанын түсіндіру қиын да болар.
Махамбетті тек тарих түсінді. «Халықтың қамын жеген» ағасына істеген адам көтере алмас адалдығы мен ақысыз сүйіспеншілігін тарих пен тағдыр өзіне өшпес даңқ, арылмайтын абырой қылып қайтарды. Осы адалдығы үшін, ұрпаққа өнеге етер өлмес үлгісі үшін халқы Махамбетті Исатайдан бетер дәріптеді. Кешегі өткен кеңестің идеологиясына да Махамбеттің жырлары іздегенге сұрағандай болды. Махамбет революция заманында революционер болды, азамат соғысы кезінде қызыл командир болды, отан соғысында Бауыржан мен Мәншүктерге айбын болды, мұқалмас намыс болды. Әлбетте солай болуға тиіс еді.
Бірақ тарихта Исатайдың жолы Махамбеттен гөрі ауырлау болды. Кеңес дәуірінде өзгенің батырларын оқыдық. Тәуелсіздік алғаннан бері де билікке қарсы қылыш сермеген Исатайды тәуекел етіп тұрғызып алар тарихшы шыға қойған жоқ. Махамбетті айтқан жерде амалсыздан анда-санда оның да атын атайтын болдық. Одан әрі бара алмай тұрмыз. Өкініштісі, Исатайдай ағасын «Ақ кіреуке жағасындай» кір шалдырмай қастерлеп отыратын бүгін Махамбет жоқ. Махамбеттер де жоқ.
Өзге жұрт халқы үшін құрбан болған қаһарманы түгілі өзге елді отарлап, жесірінің жаулығын қорлаған әлімжет әумесерін де әйбаттап отыр. Тырнақ астынан кір іздеп кетсек, дүние жүзі елдеріндегі, соның ішінде дамыған өркениетшілерінің өзінде айтулы ескерткіштер мен тарихи кітаптардың кейіпкерлері негізінен жаулап алушылар емес пе? Ресейдің батысын кеңітіп, Кавказды бағындырып берген Суворов пен бүкіл Сібірді жаншып берген Ермак қалай құрметтеледі? Бойымызды жайлаған бүгежектікті басып, барымызды бағалайтын уақыт келді ғой. Балаларымыздың өзінің батырларын білмей, өзгенің «өрмекшілері» мен Роббиндарын раббым тұтатыны да осыдан емес пе? Тарихты әр кезеңнің саясатының сүзгісінен өткізе берсек, әрі-беріден соң сүзетін де ештеңе қалмай қалатын болар
Бүгінгі біздің жері де, байлығы да жеткілікті елімізде ұлттық намыс пен ұрандаған рух жетіспейді. Өсер ұрпағымыздың да уайымы сол. Себебі сонау желтоқсанда жанудай-ақ жанған ұлттық намысымызды да, алапат рухымызды да кейінгі жылдары әлсіретіп, ақыр аясында арзан құндылықтарға айырбастап алдық. Енді сол әлсіреген рух пен шайыла бастаған намысты Исатай батырдың құрбандық ерлігі мен Махамбет ақынның отты жырлары қаузауға, қаулатуға тиіс қой.
Исатай Тайманов 1791 жылы Қызылқоға өңірінде дүниеге келіп, жиырма жасына таман Бөкей сұлтанның қол астына келеді. Сұлтан оны бүкіл Беріш руына старшын қылып тағайындайды, шұрайлы жерлер бөледі. Кейін Жәңгірдің тұсында ел ол жерлерден айырылады. Жалпы, хан мен батырдың арасындағы текетірес те, шаруалардың наразылығы да осы әділетсіздіктен басталады. Егер «халқым» демесе, «халықтың қамын жемесе», старшын Исатайдың қара басында жердің де, малдың да уайымы бола қоймаған шығар. Содан да болар, Махамбеттің:
Жетімдерге жем бердің,
Жесірлерге жер бердің,
Қызғыштай болған есіл ер
Сөйткенде жұрттан не көрдің?»- деп налитыны.
Сонымен, көтеріліс жеңіліп, қалың қолы іріткідей іріген батыр желтоқсанның бір ызғарлы түні Жайықтан өтіп, аттың басын Қиылға қарай бұрады. Бірақ орыс болып, қазақ болып батырдың бүгінгі түстенетін ауылы мен кешке қонар күтірлерін санамалап отырған жазалаушылар да, әуелден-ақ «ісінің оңбасын» маңдайына жазып қойған тағдыр да батырдың соңғы күндерін санап жатты. 1838 жылдың шілдесінде сол Қиылдың бір ойында батырдың басы шабылды, баласы да өлтірілді. Баласы Жақияға Орал казак-орыстары сым темірмен 500 дүре салды. Бұдан өткен халық құрбаны болар ма? Халқы үшін шыбын жандарын қиған Кеңесары, Сырым, Исатай мен Махамбет кешегі қарлы боранда көк мұздың үстінде жалаңаяқ тұрып, ұлтының намысын көтерген қазақ қыздары мен Қайраттар! Осылардан артық ұрпаққа қандай үлгі керек?!
Өзге облыстарды айтпай ақ қояйын. Осы Орал жерінде Исатайдың батыр болып, өр тұлғасы тарихқа енген «Қайран Нарынды» алайықшы. Сол жалпақ Нарында, сірә, Исатайдың аты бар ма? Батырдың алдындағы борышымызды Оралдағы Исатай батыр көшесімен тамамдадық па?! Қанша қараласаңыз да, кеңес үкіметі жоқтан жоғары идеал жасай білгенін мойындауымыз керек. Соны ұрпақ тәрбиесіне қалай қиюластырып келтірді десеңізші! Соның бір мысалы, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті алдындағы Миша Гавриловтың ескерткіші. Өз идеологиясына керек болғанда кез келген көшедегі бала да батыр болып шыға келген. Ал шын батыр, еркек тоқты құрбандық Исатай мен Қайраттар қайда? Миша кім? Махамбет кім? Миша кім? Исатай кім? Сонша қорлайтындай Исатай қайсысымыздың жолымызды кесті? Өзге ел түгілі, өз еліміздің оңтүстігіне барып, Исатай батырдың басында белгі жоқ, десек, әй, ешкім сене қоймас! Қаймана қазақтың басына тұрғызылып жатырған кесене батырға бұйырмай тұр. Сенесіз бе! Ал ішкі ордадағы халық көтерілісі мен жорық жолдарында айрықша белгі ескерткіштер мен келер ұрпаққа қағидаттар қалдыру ісі мүлдем ойға да келмей жүрген маңызды іс.
Жалпы, қазір Қазақстанның тарихын жасақтау ісі жүріп жатыр. Бөлінбесе, белі сырқырайтын ағайын ол тарихқа да жершілдік, рушылдық әрекеттерін салмай жатыр дейсіз бе?
Осы орайда өлке тарихын жазып жүрген марқасқаларымыздың күнделікті саясаттың емес, керегелі ақиқаттың құлы болса екен деген тілегіміз де бар. Шынын айту керек, халық Махамбетті біліп, пір тұтқанымен, одан тарихи орны да, жасы да жоғарылау Исатай оның көлеңкесінде қалып келеді. Тарихи әділдік осындай айтулы даталарда орнына келер деген үміттеміз.Әрине, Исатай-Махамбеттің ескерткіштері Астана төрінен орын алса, қай қазақ та «Неге?» дей қоймас еді.
Соңғы 30-40 жылда үзіліп қалған тарихи зерттеулерді жалғастырып, жаңа басылым, көркемөнер туындыларын арнаса, бабамызға артық құрмет болмайды. Келесі жылды «Исатай жылы» деп жарияласа, нұр үстіне нұр. Ондай жағдайда көп шаралар қалың халыққа, ауылға дейін жетер еді.
Қазір ақтөбеліктер болып қолға алып жатырған батырға күмбез көтеру ісінде де бей-жай отыруымыз келіспес деп ойлаймын. Жалпы, Үкімет деңгейінде арнайы қаулы қабылдап, Мәдениет министрлігі біраз іс-шаралар жоспарласа, батырдың рухы да разы, елдің де жоғалтқаны табылар еді. Қалай дегенде де Исатай батыр ұлықталуы керек. Сонда қазақтың да рухы көтеріледі.