«Азаттың» БҚО-дағы алты жүзден астам мүшесі партия қатарынан шықпақ

ОРАЛ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Азаттың» Зеленов ауданындағы 650 мүшесі партия қатарынан шығады.

«Азаттың» БҚО-дағы алты жүзден астам мүшесі партия қатарынан шықпақ

 Бұл туралы «Азат» ҚДП төрағасының орынбасары Петр Своиктің Оралдағы әріптестерімен кездесуі кезінде аталмыш партияның Зеленов аудандық ұйымының жетекшісі Анатолий Авдеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Авдеевтің айтуынша, бұл партиядан оның көңілі қатты қалған. Оның пікірінше, аймақтарға ешқандай көңіл бөлінбейді, насихат жұмысы мен газет таратуға бөлінген қаржыны әркім өз қалтасына басуды ойлайтындар қатарында зеленовтықтардың қалғысы келмейді.

Жалпы, аталмыш жиында П.Своиктің бір партия, бір тудың астына бірігу туралы ойын жергілікті оппозиция өкілдері қолдай қойған жоқ. Мінбеге шыққан Қазақстанның коммунистік партиясы, социал-демократтар және басқа да оппозициялық ұйымдар өкілдері көп жағдайда мүдде бір болғанымен, әр партияның қоғамда атқаратын рөлі әртүрлі екендігін атап көрсетті.