Әзербайжан мұнай қоры БАӘ газ инфрақұрылымына 50 млн доллар инвестициялады
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай қоры (SOFAZ) Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) газ тасымалдау инфрақұрылымының активтеріне 50 млн доллар стратегиялық инвестиция құйылатынын жариялады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Инвестиция БАӘ энергетикалық экожүйесінің негізгі элементі — ADNOC Gas Pipeline Assets LLC (AGPA) компаниясына бағытталған. Жоба Әбу-Дабиде орналасқан Lunate Capital жаһандық инвестициялық платформасы басқаратын арнайы қор арқылы жүзеге асырылып жатыр.
SOFAZ үшін бұл инвестиция мұнай бағасына тәуелділікті азайтуға және болашақта тұрақты кірісті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық әртараптандыру стратегиясының бөлігі.
— Бұл инвестиция біздің ұзақ мерзімді көзқарасымызды көрсетеді: тұрақтылық, сенімділік және жаһандық әртараптандыру, — деп атап өтті SOFAZ баспасөз қызметі.
ADNOC Gas Pipeline-мен мәміле SOFAZ-тың Таяу Шығыстағы инфрақұрылымға басқа тікелей инвестициялары үшін есік ашады деп болжанып отыр. Сарапшылардың шамалауынша, қор шетелдегі энергетикалық, көліктік және технологиялық активтерге қатысуын жалғастырады.
Соңғы жылдары Баку мен Әбу-Даби жасыл энергетикаға инвестиция салудан бастап логистика мен қаржыға дейін экономикалық ынтымақтастықты нығайтып келеді. Жаңа мәміле Әзербайжан мен БАӘ арасында әсіресе энергетика және көліктік хаб салаларында кеңірек инвестициялық диалогтың басталуын белгілеуі мүмкін.
Әзербайжан Мемлекеттік мұнай қоры 60 млрд доллардан астам активті басқарады. Қордың негізгі мақсаты — Әзербайжанның халықаралық мұнай және газ келісімдерін жүзеге асырудан түсетін кірістерін жинақтау және тиімді басқару.
Айта кетелік Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы тасымалдау көлемі 3 млн тоннаға жеткен еді.