Ажалдан арашалауға үлгермей қалу қорқынышы болады – құтқарушымен сұхбат

Қауіп-қатерге толы жұмысын адал, зор жауапкершілікпен атқарып жүрген құтқарушылардың еңбегі талайға үлгі. Олар – өзгенің өміріне араша түсу үшін өз жанын шүберекке түйіп, су тасқыны, өрт, апаттарда оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жететін мамандық иелері. Алайда, өздері мұны ерлікке баламайды, міндетім деп біледі. Құтқарушылардың кәсіби мейрамында Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының құтқарушысы Әлихан Ислам Kazinform тілшісіне қиындыққа толы қызметі жайында айтып берді.

Әлихан Ислам
Фото: Әлихан Исламның жеке мұрағатынан

- Әлихан, өзіңізді таныстырып кетіңізші...

- Шымкент қаласының тумасымын. Менің атам, әкем, ағам – бәрі құрылысшылар. 2015 жылы әкемнің жұмысына байланысты Петропавлға көшіп келдік.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде төтенше жағдайда қорғау мамандығын оқып бітіргенмін. Кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бұл салада жұмыс істеп жатқаныма биыл үшінші жыл.

Еркін күрестен спорт шеберінен үміткермін, 4-5 сыныптан бастап күреспен айналыстым. Содан қалыптасқан шыдамдылық, ептілік, шымырлық қазіргі жұмысымда көмегін беріп жатыр.

Әлихан Ислам
Фото: Әлихан Исламның жеке мұрағатынан

- Шақырту түсті, қанша уақытта сіздер дайын болып, аттануларыңыз тиіс? Бұл жұмыс қалай жүзеге асады?

- Шақырту түскенде бізге жиналып-шығып кетуге 1-2 минут уақыт беріледі, қажет болып қалар-ау деген барлық құрылғыларды өзімізбен алып жүреміз. ГАЗель автокөлігіміз бар. Қандай шақырту болса да құрылғыларымыз өзімізбен бірге жүреді. Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылғанбыз, қандай шақырту түссе де біз оған толық дайынбыз.

Бізге қойылатын басты талап – құтқарушының өз қауіпсіздігі. Жұмысқа алынған кезде үш ай оқу-жаттығудан өтеміз, сол жерде қауіпсіздік іс-шараларын үйретеді. Сол сатыдан өткеннен кейін, түрлі жағдайда жұмыс істеу машықтарын меңгереміз. Соның ішінде жол-көлік апаты болған орындарда ауыр құрылғылармен жұмыс істеу, альпинистік дағдылар, биікке өрмелеп шығу, түсу және үшінші бағыты су астында сүңгуір костюмімен жұмыс істей білу.

- Тұрғындардан көбіне қандай шақыртулар түседі?

- Көбіне жабылып қалған есікті ашып беруді өтінеді. Мысық ағаш үстіне шығып, түсе алмайтын кездері болады. Мұндай шақыртулардан бас тарта алмаймыз, көмектесуге міндеттіміз. Бұл – біз үшін жеңіл шақырту, өйткені психологиялық қысым жоқ. Ал апаттарда адам өміріне қауіп төніп тұрған кезде, жаны қиналған адам көмек сұрағанда жұмыс істеу өте қиын. Құтқара алмай, ажалдан арашалап үлгермей қалу туралы қорқыныш қатты мазалайды.

Әлихан Ислам
Фото: Әлихан Исламның жеке мұрағатынан

- Есіңізде қалған шақырту жайында айтып беріңізші...

- Жақында 12 жасар бала 101 диспетчерлік қызметіне хабарласып, үйде өрт шыққандығын хабарлады. Ол үйде жалғыз болған, мекенжайын нақты білмейді. Диспетчерге жобалап «алты қабатты ақ үй» деп түсіндіріп айтты. Біз шақырту түсісімен жедел аттандық. Оқиға орнына жеткенше баламен қызметкерлеріміз байланыста болды. Келген кезде терезе түбінде отырған баланы көрдік, ал пәтерден түтін шығып жатты. Ата-анасы оны сыртынан жауып кеткен екен. Бірден есігін ашып, үйге келіп тұрған электр қуатын ажыраттық. Пәтер жалындап, ішін қара түтін басқан, мұндайда бізге – жедел құтқару жасағына өрттің арасына кіруге рұқсат жоқ. Сол кезде өрт сөндірушілер де келіп үлгерді, олар баланы шығарып жатқанда, біз уақыт жоғалтпай подъезде тұратын көршілерінің есігін тарсылдатып, эвакуацияладық. Кейін өрт сөндірушілерден баланы алып, қауіпсіз жерге шығардық. Жағдайын білгеннен кейін, үйде басқа адамның жоқтығына көз жеткізіп, жасөспірімді жедел жәрдем қызметіне тапсырдық.

- Жұмыс барысында түрлі жағдай болуы мүмкін, өмірлеріңізді үнемі қауіп-қатерге тігіп жүресіздер, қатты қорыққан кезіңіз болды ма?

- Қорқыныш болады, адам болғаннан кейін ол дұрыс та. Бірақ біз қорқынышты жеңе отыра өз міндетімізді атқарамыз.

- Ірі апаттарда жұмыс істеген кезіңіз болды ма?

- Петропавлдағы жылу-электр орталығында болған апатта, мұржасы құлаған кезде жұмыс істедім. Ол мұржа құлаған кезде мен кезекшілікте болатынмын. Шұғыл шақырту түсті, басында түсінбедік, мұржаның құлағандығы жалған шығар деген сенімсіздік те болды. Бірақ жолда үш мұржаның екеуі ғана қалғанын көрдік. Апат орнына келгеннен кейін кішкене күтуге тура келді, өйткені үйінді астында неше адам қалуы мүмкіндігі анықталды. Бір жұмысшы әйелдің мұржа астында қалғанын білгеннен кейін бірден іске кірістік. Үлкен бетон плиталар жатты, оны көтеруге техника кіре алмады. Сондықтан барлығын қолмен атқаруға тура келді. Апаттан кейінгі үш күн өте ауыр болды.

Әлихан Ислам
Фото: Әлихан Исламның жеке мұрағатынан

- Бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болған жоқ па?

- Жоқ, өкінген емеспін. Өзіме ұнайды. Өйткені, бірінші кезекте халыққа қызмет көрсетеміз.

- Отбасыңыз жұмысыңызға қалай қарайды?

- Үнемі қолдап отырады. Жұмысымның қиындығын түсінеді. Кезекшілік барысында болған жайттарды ата-анама айтып отырамын. Оларға ғана емес, дос-жолдастарыма да айтамын, ондағы мақсатым – ескерту. Осындай жағдай болды, осылайша істеуге болмайды, оның зардабы мынадай деген сияқты. Ал әке-шешем, әрине уайымдайды ғой, жұмысқа кетерімде үнемі «балам, байқап жүр, аман бол» деп шығарып салады.

- Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес беремін. Кез келген қиын жағдайға душар болғанда «101» немесе «112» телефон нөміріне хабарласқан жөн. «Сақтансаң сақтайды» дегенді ұмытпау керек.

- Рахмет!

Әлихан Ислам
Фото: Әлихан Исламның жеке мұрағатынан