14:02, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Азиада -2011 еліміздің олимпиадалық стратегиясының маңызды кезеңі болып табылады - Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Жәзира Жаңабаева/ - Жақында өткен Туризм және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Азиаданы өткізуге бөлінген ресурстар қысқартылмайды. Бұл халықаралық міндеттеме, біз оны өткізуді өз мойнымызға алдық және халықаралық беделімізді қолдауымыз керек», деп мәлім етті.

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті, генерал-майор, КСРО спорт шебері Павел Новиков Премьердің осы мәлімдемесі аясында, VII азиялық қысқы ойындарға дайындықтың негізгі кезеңдері туралы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді. - Павел Максимович, Азиадаға дайындық жұмыстарымен тікелей қандай ұйымдар айналысуда?- Дайындық мәселелерімен, ең алдымен, Қазақстан Премьер-Министрлігінің жетекшілігімен республикалық ұйымдастыру комитеті айналысуда. Туризм және спорт министрлігінің жанынан Қысқы азиялық ойындар дирекциясы құрылды, оның Алматыдағы филиалы, сондай-ақ Алматы мен Астана әкімдіктері жанынан Дирекциялары ұйымдастырылды. Оған қоса, Алматы әкімі Азиаданы өткізу жөніндегі қосымша ұйымдастыру комитетін құрып отыр және бүгінгі күнгі жағдай бойынша ол комитет іс жүзінде нақты әрекет етіп отырған құрылым. - Осыншалықты көп ұйымның бұл іспен айналысуы жалпы процесті қиындатып отырған жоқ па? Бірнеше құрылым қатарынан атқарып отырған жұмыстар қалай үйлестірілуде? - Ең алдымен, мұншалықты ұйымға деген қажеттілік Азиада географиясының кеңейтіліп, іс-шаралардың екі қалада өткізілетіндігіне байланысты туындап отыр. Астанада ашылу рәсімі мен спорттың екі түрі бойынша: коньки жарысы мен бэнди (допты хоккей) бойынша жарыс өткізу жоспарланып отыр. Алматыда спорттың жеті түрі бойынша жарыс және Азиаданың жабылу рәсімі өтеді. Негізгі шешімдер қабылданып бітті, ендігі қалғаны - жарысты лайықты деңгейде өткізу үшін қызу жұмыс істеу. - Азиадаға дайындық аясында қандай спорттық және басқа да нысандар салынуда?- Астанада коньки тебуге арналған жабық мұз айдыны салынуда. Көп адамдар, коньки тебу жарысын неге Медеуде өткізбеске, оның мұз айдынында кезінде спорттың осы түрінен тіпті әлем чемпионаттары да өткізілді ғой, деген сауалдар қояды. Бүгінде Медеу мұндай жарыстарға мүлдем жарамайды. Коньки тебу жарысына қойылатын талаптар өзгерген ? мұз айдыны жабық болуы тиіс. Ашық айдындардағы жарыстар спортшыларға тең емес жағдай туғызады. Ауа райы жағдайы: күн, жел дегендей... Осының барлығы қосымша қиыншылықтар туғызады, кейбіреулерге ? жақсы болса, кейбіреулер, керісінше, қиналады. Сондықтан да елордада жабық мұз айдынын салу - қажеттілік. Алматыда шаңғы трамплиндері кешені салынуда. Ондай кешен бұрын да болған, бірақ қазір оның орнына жаңа, заманауи кешен салынып жатыр, оған қоса онда жазда да шаңғымен секіруге арналған жасанды жабын болады. Алматы облысындағы Талғар қаласы маңында шаңғы-биатлон стадионы салынады. Ақпараттық орталықтың құрылысы салынуда, Медеу мен Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы қайта жаңартылуда. - Ол нысандардың дайындық деңгейі қаншалықты?- Шымбұлақ жарыс өткізуге қазір-ақ дайын. Ал Медеуге келер болсақ, жұмыстар жүргізілуде, бірақ біраз проблемалар бар, олар да шешімін табуда. Барлық жұмысты мерзімінде аяқтаймыз деген сенімдемін. Шаңғы трамплиндері кешенінің құрылысы кесте бойынша нақты жүріп жатыр, өткен жылы қомақты қаржы салынды. Ал шаңғы-биатлон стадионына келер болсақ, бастапқыда жер телімі, коммуникациялар бойынша мәселелер болған, бірақ қазір бәрі ойдағыдай шешіліп отыр, ол үлкен болмаса да, өте маңызды нысан. Спорт сарайы толық жаңартылуда, онда қазір коммуникациялар ауыстырылып жатыр. Барлық спорт нысандарының уақытында аяқталатынына менің күмәнім жоқ. Ол нысандар мемлекет есебінен қаржыландырылуда. - Қонақтарды күтіп алу, оларды жайғастыру мәселелері қалай шешіледі?- Азиадаға 45 ел қатысқалы отыр. Әрине, қонақтарды лайықты күтіп алу, жайғастыру керек. Бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі, ол кезге дейін жаңа әуежай іске қосылады. Қонақтарды, олардың қатарында vip-тұлғаларда бар, жаңадан салынған «Мэрриот» қонақүйіне жайғастыру жоспарлануда. Шараға жоғары лауазымды қонақтар, Азия елдерінің басшылары, Халықаралық Олимпиада комитетінің, Азия Олимпиадалық кеңесінің және халықаралық федерациялардың басшылары келеді деп күтілуде. Спортшылардың барлығы Алматыда тұрмайды. Оларды жарыс өтетін жерлерге жақындау орналастыру дұрыс болады. Спортшыларды Шымбұлақтан, Талғардан немесе Табағаннан әрі-бері тасудың жөні жоқ, ол жерлерде де спортшыларға тамаша жағдайлар жасалынады. Ал жарыстары қалада өтетін спортшылар Алматыға жайғастырылады. Айтпақшы, бағдарламаға жоғарыда аталған жарыс түрлеріне қоса тағы бір жарыс - спорттық қысқы бағдарлау жарысы қосылған. Бірақ ол жарыстың өту-өтпеуі кейінірек белгілі болады, мәселенің барлығы жарыстың бұл түріне қатысуға қанша елдің өтініш беретіндігіне байланысты болмақ.- Сіздің ойыңызша, Қазақстан құрамасының мүмкіндігі қандай? - Біздің мүмкіндіктеріміз тамаша. Қысқы Азия ойындарында біз әрқашан тамаша өнер көрсетіп келеміз. Мәселе ойынға қандай азиялық елдердің қатысатынында болып тұр. Біздің негізгі бәсекелестеріміз - Қытай, Жапония және Корея. Алтын медальдардың саны да спорттың түрлеріне байланысты болады, себебі спорттың бір түрінде медальдардың бір ғана жиынтығы ойнатылса, келесі бір спорт түрінде, мысалы, шорт-тректе ? 5-6 жиынтық, шаңғымен секіруде -2 жиынтық сарапқа салынады, ал спорттық бағдарлауда ? тіпті 7-8 жиынтық медаль бәске түсуі мүмкін. Біздің спортшыларымыз - Жапаров, Карпенко, Караулов және Королев трамплиннен секіруде жақсы өнер көрсетуі керек. Коньки тебушілер де жақсы дайындалуда, олардың да жеңіс тұғырынан көрінуге таластары бар. Шаңғы жарысында да жаман өнер көрсете қоймаспыз деп ойлаймын. Қарап қалмаймыз, күресеміз. Бізге тау шаңғысы мен фристайлда қиындау болуы мүмкін. - Қазақстан құрамасының символикасын дайындау, костюмдерін тігу жұмыстарына әзірлік қалай? - Символикаға келетін болсақ, оның өзіндік реті бар. Өздеріңіз білесіздер, о баста Азиада Алматыда ғана өткізілетін болған, кейіннен біздің өтінішіміз бойынша, Астананы да қосты. Символ, эмблема эскиздерін өзгерту қажеттілігі туындады. Дәстүр бойынша конкурс жарияланады, қатысушылар эскиздерін ұсынады, ал кейіннен жеңімпаз өз құқығынан заңды негізде бас тартады - конкурстың шарты солай, одан кейін біз эскиз үлгілерін Катарға, Азия Олимпиадалық кеңесінің штабына бекітуге жөнелтеміз. Тек содан кейін ғана жарнамалық науқанды бастауға, нысандарды ресімдеуге, барлық қажетті символикалық өнімдерді шығара бастауға болады. Ал құраманың киім формасына келетін болсақ, бұл мәселе кейіндеу шешіледі. Бізді қазір Канадада, Ванкуверде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық сияқты өзекті мәселе күтіп тұр. Біз Олимпиадаға қатысу үшін көбірек лицензия алуға тырысуымыз керек. Ал Азиада формасын дайындау мәселесін көтеруге әлі ертерек, екі жылға дейін әлі көп нәрсе өзгеруі мүмкін. - Павел Максимович, бүгінгі күнгі бірінші кезектегі дайындық жұмыстарына нені жатқызар едіңіз? - Адамдар дайындауды. Мысалы, қызу дайындалып жатқан Азиада жарыстарын баяндау мәселесіне келейік. Бұл мәселе бойынша бізде кадр мәселесі өткір, осыған назар аудару керек. Бізде мұндай ауқымды шараларда жұмыс тәжірибесі бар нақты екі ғана адам бар. Олар: режиссер Александр Головинский мен комментатор Диас Омаров. Олардың екеуі де 80-ші жылғы Мәскеу Олимпиадасында жұмыс істеген. Әрине, көп тілшілер бізбен бірге түрлі спорттық іс-шараларға шығып тұрды, бірақ бүгінде бізге қажет болып отырған сапада ешкім жұмыс істемеген. Азиялық ойындар кезінде күнделікті газет шығаруға кімдер жауапты болатындығын, репортаждарды кімдердің жүргізетінін, кімдер комментарийлер жасап, кімдердің талдаулар жасайтынын, кімнің басты провайдер болатынын қазірден ойластыру керек. Қазіргі заманға сай ақпараттық орталық салу және оны жарақтандыру керек. Хабарлар азиялық елдерге және халықаралық эфирге таратылатын болады, ал ол үшін жүздеген адамды дайындау керек. Қазір бұл мәселелер шешілуде, талқылануда. Қалалық ұйымдастыру комитетінің мәжілістері апта сайын, әр жұма күні өткізіледі. Дайындық мәселелеріне жауапты тұлға - Алматы әкімінің орынбасары Виктор Долженков. Бізге 12 мыңдай ерікті керек. Жүргізушілер тағы керек, себебі 1 мыңға жуық көлік тартылады. Мысалы , олимпиадалық жазғы ойындармен салыстырғанда, Азиада ойындары шағын болады, небәрі 1000-ға жуық спортшы қатысады. Бірақ та, спортшыларға қоса 500 маман мен жаттықтырушы, 4 мыңдай журналист келеді. Бұл көрсеткіштер бұған дейінгі Азиада ойындарының негізінде шамалап алынып отыр. Барлығы 10 мыңдай адам келеді деп отырмыз. Бұл өте үлкен жауапкершілік, келген қонақтарды ресімдеу, түрлі нысандарға баруға, жаттығуға рұқсат беретін карточкалар алуы үшін спортшылар мен қонақтарды арнайы аккредитациялау жүйесі арқылы өткізу оңай іс емес. Кез-келген үлкен халықаралық ойындарға дайындалу 22 негізгі бағытты қамтиды. Допинг-бақылау медициналық қамтамасыз ету және бақылау мәселесіне кіреді. Бізде бұл жұмыс жүргізілетін болады. Осы мәселелерге жауапты аурухана да анықталып қойды, ол ? Қалқамандағы аурухана. Аурухананың жанында тікұшақ алаңдары салынуда, арнайы медициналық тікұшақ сатып алынады. Біз Азиаданы қаламыз үшін барынша үлкен пайдамен өткізуіміз керек, бұл өте маңызды шара. Бұл Алматы үшін де, еліміз үшін де абыройлы іс. Қысқы Азиялық ойындарды Қазақстанда өткізу - ауқымды және жауапты оқиға, ойынның табысты өтуі мемлекетіміздің халықаралық сахнадағы абыройына байланысты. Бұл шара біздің басты мақсатымыз - Олимпиада ойындарын өткізу мақсатына қол жеткізудегі негізгі кезең болып табылады. Яғни, Азиада ойындары - біздің олимпиадалық стратегиямыздың бір бөлігі. Мұндай жарысты өткізу кез-келген елдің абыройын арттыра түседі. - Сұхбатыңызға рахмет!