Азиада-2011 нысандарын электрмен жабдықтау үшін 9 кішістансылар салынады және жаңартылады,электр тарату желілері тартылады
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Азиада-2011 нысандарын электрмен жабдықтау үшін 9 кіші стансылар салынады және жаңартылады, электр тарату желілері тартылады. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика жіәне минералдық ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Үпішев мәлім етті.
«Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Азиада нысандары мен метрополитенді жабдықтау үшін тағы 9 кіші стансының құрылысы, жаңарту жұмыстары басталды және электр тарату желілері тартылады», - деді ол.
Бұл кіші стансылардың жалпы қуаты 1 020 мегаватт болмақ, капитал салымдарының көлемі 53 миллиард теңгеден асады. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, биыл төрт электр кіші стансылары пайдалануға беріледі. Е.Үпішевтің айтуынша, жалпы алғанда Алматы аймағына 2010 жылы 61 миллиард қаржы салу көзделуде, соның ішінде капитал салымдары 50,7 миллиард теңгеден асады. Ол мұндай ауқымды инвестициялар қалаға бұрын бөлінбегенін атап өтті.