Азиада-2017: Қытайды қуып жетуге жақындап қалдық

Бүгін Қазақстан құрамасы бір күнде 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жалпы 5 медаль жеңіп алып, жүлде саны бойынша үшінші орынға жақындап қалды.
Бесінші жарыс күні биатлоншыларымыз Галина Вишневская мен Ян Савицкий алтын алса, Василий Подкорытов пен Елена Коломина күміс, ал Алина Райкова қола медальға қол жеткізді.
Ал осыған дейін жерлестеріміздің қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль болған. Бүгін жалпы медальдар саны 12-ге жетті. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс, бесеуі қола медаль. Осы көрсеткішпен қазақстандық спортшылар жалпы есепте төртінші орында келеді.
Сондай-ақ, бүгінгі хоккейші аруларымыздың да ерен ерлігін айта кетуіміз керек. Олар қарсыластарының қақпасына жауапсыз 19 шайбаны тоғытты. Сонымен бірге 17 жасқа енді толған мәнерлеп сырғанаушы аруымыз Элизабет Тұрсынбаева қысқа бағдарламадан сынға түсіп, алтыншы орынға табан тіреді.
Ал жалпы есепте Жапония құрамасы көшбасшылықты ешкімге бермей келеді. Олардың еншісінде қазіргі таңда 45 жүлде (14 алтын, 15 күміс, 16 қола) бар. екінші орындағы Оңтүстік Корея құрамасы Күншығыс елін өкшелеп қуып келеді. Бұларда жалпы медальдар саны аз болғанымен алтын медальдар саны жағынан таразы басы теңесіп тұр. Оңтүстіккореялықтардың еншісінде 35 жүлде (14 алтын, 12 күміс, 9 қола) бар.
Біздің елдің спортшыларынан бір саты жоғары түрған Қытай құрамасында 18 жүлде (6 алтын, 6 күміс және 6 қола) бар. Қазақ спортшылары бүгінгі қарқынымен медальдар санын арттыра берсе, Қытайды басып озуға мүмкіндік бар ...