Азиада жалауы кезекті қабылдайтын ел - Жапонияға табыс етілді
Жалауды біздің ойындардың қаһарманы - қазақстандық құраманың допты хоккейден белгілі форварды Рауан Исалиев алып шығып, оны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке, одан кейін жапондық тараптың өкіліне табыс етті.
Салтанатты шараның финалында 8-қысқы Азия ойындары өтетін қала - Жапонияның Саппоро қаласының таныстырылымы және Азиада Алауын салтанатты сөндіру рәсімі болды. Бұдан кейін Қазақстанның эстрада шеберлері қорытынды вокалдық композиция орындады. Азиаданың жабылуы отшашумен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 7-қысқы Азия ойындарында 69 медальдар жиынтығы ойналды, оған 27 елдің өкілдері қатысты.
Алғашқы қысқы Азия ойындары 1986 жылы жапондық Саппоро қаласында өткен болатын. Екінші Азиада да 1990 жылы Саппорода өтті. Үшінші қысқы Азия ойындары 1996 жылы қытайлық Харбин қаласында болды. Төртінші Азиада кореялық Кангвон қаласында 1999 жылы болды. Бесінші Ақ Азиада 2003 жылы жапондық Аомори қаласында, ал алтыншы рет қытайлық Чанчун қаласында 2007 жылы өтті.