Азиадада олжа салған қазақтың қайсар ұландарының жеңісті жолы жалғаса бергей - Г.Әжіғалиева, БҚО
Соның бірі Абзал Әжіғалиев Сырым ауданы Жосалы ауылдық округі тұрғындарына да ерекше қуаныш сыйлады.
Абзалдың жеңгесі Гүлниса Әжіғалиеваның айтуынша, Абзал Орал қаласында дүниеге келгенімен, балалық шағының бір бөлігін Жосалы топырағында, ағайын-туманың ортасында өткізді. Әкесі, өмірден ерте кеткен Абайдың туған жері деп Жосалыға жиі келуші еді. Ол жастайынан алғыр, қайсар болып өсті. Орал қаласындағы мұз айдыны сарайындағы шорт-трек үйірмесіне барып, шеберлігін шыңдады. 2003 жылы алғашқы сайысын 500 метр және 800 метр қашықтықтан бастады. Сонда бапкері: «Жүлделі орын алғандарың Алматыдағы жарысқа барасыңдар», депті. Сонда Абзал тобығы қажалып, аяғының жарақаттанғанына қарамай, барын салды. Міне, сондай биік мақсатынан әлі де айныған емес. Анасы Шолпанның, ағайын-туыстарының үмітін ақтаған Абзал соңынан ерген бауырлары Дарын мен Дарханға қамқор болып келеді. «Біз Астана төрінде өткен жарыста шорт-тректен тұңғыш жүлдеге қол жеткізген Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиевтердің ел мерейін асырар жеңістері алда деп есептейміз», - деді Г.Әжіғалиева.