Азиадаға дайындық қалай?

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Енді екі жылдан кейін тәуелсіз Қазақстанның тарихында аса маңызды спорттық оқиға - VII қысқы Азия ойындары өтеді. 2011 жылғы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы аралығында Астана мен Алматы қалаларында қатар өтетін Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін қазірден бастап дайындық жұмыстары қарқынды жүруде.
None
None
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде қысқы Азия ойындарын бірінші болып қабылдайтындықтан, мемлекет ел өміріндегі маңызды шараның республикамыздың ғана емес, құрлық спортының тарихынан ойып тұрып орын алуы үшін барын салуда. Ол үшін қазынадан Азиадаға қажетті спорт нысандарын салуға, қолданыстағыларын жаңғыртуға қомақты қаржы қарастырылған. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық жасайтын ұйымдастыру комитеті құрылып, жарысқа дайындық мәселелері жиі-жиі пысықталып жатыр. Бұдан бөлек Туризм және спорт министрлігінің жанынан қысқы азиялық ойындар дирекциясы құрылды, оның Алматы қаласында филиалы, сондай-ақ Алматы мен Астана әкімдіктерінің жанынан дирекциялары ұйымдастырылды. Сонымен бірге Алматы әкімдігі Азиаданы өткізу жөніндегі қосымша ұйымдастыру комитетін де құрып отыр. Осының барлығы қазақ жерінде тұңғыш рет өтетін қысқы Азия ойындарына Үкімет тарапынан зор көңіл бөлініп жатқанының айғағы. Бұл бір. Екіншіден, құрлықтағы мұндай айтулы спорт жарысының Қазақстанда өтетіндігін біздің мемлекеттің тәуелсіздік жылдарында саясатта, экономикада, спортта қол жеткізген жоғары нәтижелерінің мойындалғаны ретінде қабылдаған жөн. Бұлай дейтін себебіміз ? 1986 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл жарысты осыған дейін Азия құрлығында экономикасы қуатты, қысқы спорт түрлері қарқынды дамыған Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея елдері ғана ұйымдастырып келді. Енді олардың қатарын Қазақстан толықтырғалы отыр. Бұл біздің мемлекеттің жалпы дүние жүзіндегі, оның ішінде Азия құрлығындағы маңызы мен рөлін одан әрі арттырып, оған қоса еліміздегі қысқы спорт түрлерінің қарқынды дамуына тың серпін беруі тиіс. Олай болса, алдағы Азиада елімізге өзін тағы бір қырынан таныту үшін тамаша мүмкіндік беріп отыр. Ол мүмкіндікті уыстан шығарып алмас үшін бізге бірқатар маңызды мәселелерді шешу қажет. Алдымен, Азиаданы өткізуге қажетті спорт нысандарының құрылысын заман талабына сай сапалы етіп салып, дер кезінде аяқтау, қолданыстағыларын жақсылап жаңғырту міндеті тұр. Есте болса, 2011 жылғы Азияданы Алматыда өткізу жөніндегі шешім 2006 жылғы қаңтардың 5-інде Кувейтте қабылданған болатын. Одан кейін 2007 жылғы қазанның 29-ында Макаода өткен Азия олимпиадалық кеңесінің 51- сессиясында осы ұйымның атқарушы комитетінің мүшелері Азиаданы Алматымен қоса Астанада өткізу туралы Қазақстан тарапының өтінішін қанағаттандырды. Сөйтіп, Азиаданың еліміздің екі қаласында қатар өтетініне байланысты жарысқа қажетті спорттық нысандардың тізімі бірқатар өзгерістерге ұшырады. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың пікірінше, Азиада географиясының кеңейтілуі Қазақстанның оны өткізуге арналған шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қысқасы, мұндай нұсқа, яғни жарысты еліміздің екі бірдей қаласында өткізу туралы шешім Қазақстанға экономикалық жағынан тиімді болмақ. Өйткені Азиаданы алғашында Алматыда өткізу туралы шешім қабылданғанда Астанада 30 мың адамға арналған жабық футбол стадионынының, 10 мың адамға арналған жабық мұз айдыны стадионының құрылысы басталып қойған еді. Бұдан бөлек елорда жобасында хоккей ойындары өтетін мұз айдынының құрылысын салу тұрған болатын. Бұл жоба да қазір жүзеге асырылуда. Азиадаға қажетті мұндай спорттық нысандарды Алматыда салу бюджетке біраз салмақ түсіретіндіктен, Үкімет осындай қадамға барды. Сөйтіп, мәселе оң шешілгендіктен, мұндай нысандарды Алматыда тұрғызудың қажеттілігі өзінен-өзі күн тәртібінен түсіп қалды. Азиаданы жоғары деңгейде өткізу үшін қазіргі таңда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғысы кешені, сондай-ақ Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Алматыда биіктігі 90 және 120 метрлік шаңғымен тұғырдан секіретін кешендердің, олимпиадалық қалашықтың құрылысы, Алматы облысының аумағында биатлон стадионының, шаңғы стадионының, елордада тағы бір олимпиадалық қалашықтың құрылысы салынуда. Әлемді қос бүйірінен қысқан қаржы дағдарысы Қазақстанға да тізесін батырып жатқан қазіргі кезеңде «қаржы тапшылығына байланысты Азиадаға арналған нысандар құрылысының тағдыры қалай болар екен?» деген сауал талайдың көңілінде жүргені белгілі. Бірден айтайық, спорт жанкүйерлерінің бұған алаңдамауларына болады. Туризм және спорт министрлігінің жақында өткен алқасында Үкімет басшысы К. Мәсімов Азия ойындарына қазынадан қарастырылған қаржы толық бөлінетінін, Азиадамен байланысты мәселелер қандай да бір түзетулерге ұшырамайтынын мәлімдеді. Демек, Азиадаға жауапты құзырлы органдардың ендігі міндеті ойынға қажетті нысандарды сақадай сай етіп дайындауға және жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға келіп тіреліп тұр. Бұл үшін ресурс жеткілікті, уақыт бар. Енді жарыстың бағдарламасы жайлы. Бағдарлама бойынша конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шаңғы,, биатлон, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, допты хоккей (бенди), қысқы спорттық бағдарлау сынды спорттың 11 түрінен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Допты хоккей және қысқы спорттық бағдарлау сынды спорт түрлерінен жарыстар оларға төрт елдің командалары қатысу туралы өтініш берген жағдайда ғана өткізіледі. Спорттың екі түрінен, атап айтқанда конькимен жүгіруден, ерлер арасындағы допты хоккейден жарыстар Астанада өтеді. Азиадада спорттың 11 түрінен барлығы 59 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарысқа Азияның 40-тан астам мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады, сондай-ақ жоғары лауазымды қонақтар, Азия елдерінің басшылары, Халықаралық олимпиада комитетінің, Азия олимпиадалық кеңесінің және халықаралық федерациялардың басшылары келеді деп күтілуде. VII қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 2011-інші жылғы қаңтардың 30-ында, яғни жексенбі күні Астанадағы Қажымұқан атындағы жабық футбол стадионында болады. Ал жабылу салтанаты және туды беру рәсімі 2011 жылғы ақпанның 6-ында Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында өтеді. Осы арада қысқы Азия ойындарының тарихы жайлы бірер сөз. Қысқы Азиада алғаш рет 1986 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткізілген болатын. Оған құрлықтағы жеті елдің командасы қатысты. Бірінші қысқы Азиаданың бағдарламасына спорттың жеті түрі енгізіліп, онда бақандай 29 алтын медальді жеңіп алған жарыс қожайындары бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иемденді. Жыл өткен сайын жарыстың бағдарламасы кеңейтіліп жатқанына қарамастан, бұл рекорд әлі бұзылған жоқ. Екінші қысқы Азиада 1990 жылы тағы да Саппоро қаласында болды. Онда қысқы спорттың 10 түріннен медальдар сарапқа салынып, бұл жолы жапон спортшылары командалық есепте ешкімге дес берген жоқ. Үшіншісі, 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтті. Қазақстан дербес мемлекет ретінде қысқы Азияда ойындарына тұңғыш рет осы жылы қатысты. Онда жерлестеріміздің дебюті тамаша болып, біздің құрама бейресми жалпыкомандалық есепте қытай спортшыларынан кейін екінші орын алды. 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Кангвон провинциясында өткен төртінші Азиадада Қазақстан Қытай және Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орынға табан тіреді. Бесінші қысқы Азия ойындары 2003 жылы Жапонияның Аоморри қаласында болды. Мұнда жарыс қожайындары бірінші орын алып, біздің команда қытай және корей спортшыларын алдыға жіберіп төртінші сатыға табан тіреді. Бұл ойында Қазақстан құрамасы 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальді қанжығаларына байлады. Алтыншысы, 2007 жылы Қытайдың Чангчун қаласында өтті. Онда жерлестеріміз 6 алтын, 6 күміс және 6 қола, жиынтығы 18 медальмен Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяны алдыға жіберіп, жалпы командалық төртінші орыннан көрінді. Ендігі кезек бізге келіп отыр. Атап өтерлігі, алдағы Азиадада Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орынды алуды көздеп отыр. Бұл межеден көріну үшін біздің команда ең кемі 20 алтын медаль жеңіп алуға тиіс. Бұл әрине оңай орындалатын міндет емес. Өйткені Азиаданың тарихына үңілсек, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдері соңғы жылдары жалпы кәсіби спортты, оның ішінде қысқы спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Азияда ғана емес, әлемде бұл елдің спортшыларымен санасатын елдердің қатары өсіп келеді. Біздің команда осыған дейін Азиадаға төрт мәрте қатысып, оның біреуінде ғана бейресми жалпы командалық есепте екінші орын алған, енді бірінде үшінші, қалғандарында төртінші орынды місе тұтты. Осыларды ескерсек, алдағы Азиадада бірінші орын үшін тайталасу әрине қиынға соғады. «Үмітсіз шайтан ғана» демекші, жарыс өз елімізде өтетіндіктен, біздің спортшылар сенімді ақтау үшін барын салады деген сенімдеміз. Бұл ретте шаңғымен жарысатын қыз-жігіттерімізге артылар үміт зор. Бұл спорттың түрінен 12 медаль сарапқа салынады. Сонымен қатар, шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер құрамасы да алтын жүлде алудан үміткер. Биатлоннан, шаңғымен тұғырдан секіруден біздің құрама жақсы нәтижелерге қол жеткізуі тиіс. Сөз соңында айтарымыз, Азиаданы өткізу арқылы кейбір елдер қысқы олимпиадалық ойындарды ұйымдастыруға үміткер болып, тіпті сондай құқықты жеңіп те алды. Соның бірі іргедегі Қытай. Олай болса Қазақстанда өтетін алдағы Азиада келешекте қысқы олимпиада ойындарының бірін біздің елде ұйымдастыру құқығын жеңіп алуға негіз қалайды деген сенімдеміз.
Соңғы жаңалықтар