Азиадаға дейін тауға шыға алатын тежегіштері бар арнайы автобустарды сатып алу қажет - Алматы әкімі
nbsp;АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Азиада нысандарының құрылысы бойынша барлық жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Алматыдағы арнайы кеңесте қала әкімі Ахметжан Есімов айтты.
«Бізге қосымша қаражаттар бөлінгеніне үлкен рахмет. Бұл біздің тиісті мерзімге толық әзірленуімізге мүмкіндік береді. Сыртқы жарнама жөніндегі жұмыстарды шапшаңдату қажет. Уақыт келді, осының өзінен біраз қаржы табуға болады. Екінші -жарыстарды кестеге сай өткізу үшін қазірдің өзінде спорт нысандарының иелерімен, сондай-ақ қонақүйлермен және басқа да Азиада қонақтары мен қатысушылар орналастырылатын орындар жөнінде келісу қажет. Бізде басқа мәселе жоқ», - деді Алматы әкімі ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке.
«Жақында бізде Азия Олимпиада комитетінің бас директоры болды. Біз өзімізде бар автобустарды пайдаланбақ болғанбыз, бірақ тауға шыға алатын, тежегіштері бар арнайы автобус қажет екен. Сондықтан да бізге сондай автобустарды сатып алу жолдарын қарастыру қажет. Бізге осындай 500-ге тарта автобус қажет», - деді А.Есімов.