Азиаданың алтыншы күні: Қазақстан үздік ондыққа біртабан жақындай түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 додасының алтыншы күнінде Қазақстан құрамасының спортшылары 8 медальге (1 алтын, 1 күміс, 6 қола) ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, Азия ойындарының алғашқы күні қазақстандықтар алтын, күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын. «Алтынды» семсерлесуші Дмитрий Алексанин, «күмісті» еркін күрестен Данияр Қайсанов, дәл осындай спорт түрінен Саятбек Оқасов пен Әділет Давлумбаев қола медальдарды иеленген еді.
Азия ойындарының екінші күні ел қоржынына «күміс» жүлде бұйырды. Оны осыған дейін хабарлағанымыздай әйелдер күресінен Жұлдыз Ешімова жеңіп алды.
Дәл осы күні таеквондошы Фариза Алдоңғарова ел қоржынына тағы бір қола медальды салған.
Тартысты сайыстың үшінші күні Қазақстан қоржынына біршама медаль түсті. Дегенмен, медальдардың ішіндегі «алтыны» ол күні бұйырмады. Алтыннан кейінгі күміс жүлдені ұлттық құрамаға таеквондошы Жансел Дениз, балуан Алмат Кебіспаев, судағы полодан Қазақстанның әйелдер құрамасы алып берді. Ал қола медаль маунтинбайкер Кирилл Казанцев, балуандар Элмира Сыздықова мен Мейрамбек Айнағұлов, таеквондошы Руслан Жапаровқа бұйырды.
Ал 22 тамызда Қазақстан қоржынына құрлықтағы бәсекенің 8 медалі түсті. Нақтырақ айтқанда, ауыр салмақтағы балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев күміс медаль иеленді. Ал қалған 7 қола медальді жүзуден Дмитрий Баландин, семсерлесуден Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы, таеквондошы Нұрлан Мырзабаев, балуандардан Ерұлан Ысқақов пен Азамат Қыстаубаев, ескек есуден Александр Куликов ел қоржынына салды. Осылайша Азиаданың төртінші күнін Қазақстан жалпы рейтингте 12-ші орынмен аяқтаған еді.
Кеше ұлттық құрама спортшылары асыға күткен «алтын» медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко Қазақстанның үлесіндегі екі алтын медальдің бірін иеленіп отыр. Сонымен бірге, бүгін суға жүзуден Әділбек Мусин, таеквондошы Ерасыл Қайырбек, академиялық ескек есуден Александр Очапанов, стендтік атудан Мария Дмитриенко қола медальға ие болды. Жалпы, Қазақстан спортшылары 2 алтын, 6 күміс, 18 қола медальмен Азиаданың бесінші күнін 12-ші орынмен түйіндеген.
Бүгінгі күнді де құрамамыз жүлдесіз аяқтаған жоқ. Үлесте - 8 медаль. Нақтырақ айтқанда, велошабандоз Алексей Луценко құрамаға үшінші «алтынды» салса, күміс медальды жұптаса шыққан теннисшілер Александр Бублик пен Денис Евсеев алып берді. Қола медальге джиу-джитсудан Нұржан Сейдуәлі мен Нартай Қажеков, теннисші жұптан Гүзәл Айнитдинова/Анна Данилина мен Александр Недовесов/Анна Данилина, жүзуден Дмитрий Баландин мен дәл сол спорт түрінен Қазақстан ерлер құрамасы қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 34 медальмен Азия ойындарының жалпы рейтингінде 11 орынға табан тіреді.