Азиаданың сегізінші күні: Қазақстан қоржынында - 1 алтын, 1 күміс, 1 қола
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 бәсекесінің сегізінші күні Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ел қоржынына жалғыз алтын медальды джиу-джитсудан 77 келіде ел намысын қорғаған Руслан Исраилов алып берді. Руслан финалдық сында қырғызстандық Нұрсұлтан Әлімқұловты жеңді. Бұл джиу-джитсу шеберлері жеңіп алған екінші алтын. Кеше Дархан Нортаев чемпиондық атақты иеленген еді.
Ал бүгінгі күміс жүлдені осыған дейін хабарлағанымыздай, каратеші Дидар Әмірәлі еншіледі. Ол финалда кувейттік қарсыласы Әли Абдуазизге 0:4 есебімен жол берді. Сонымен қатар соңғы қола медальді 400 метрге жүгіруде қазақстандық жеңіл атлет Элина Михина жеңіп алды
Айта кетейік, Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 ойындарының сегізінші күнінің жалпы қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 5 алтын, 8 күміс және 28 қола медальмен жалпы есепте 11-ші орынды сақтап тұр.
Әзірге көш басында 78 алтын, 59 күміс, 37 қола (174) медаль жеңіп алған қытай құрамасы. Ал екінші орында 40 алтын, 34 күміс, 38 қола (122) медальға ие болған Жапония спортшылары келеді. Үздік үштікті 27 алтын, 30 күміс, 37 қола (94) медаль олжалаған Оңтүстік Корея спортшылары түйіндеп тұр.
Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. 18 тамыз күні алауы тұтанған «Сары құрлық» додасы 2 қыркүйек күні өз мәресіне жетеді.