Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықты бидаймен тұрақты қамтып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бидайға қатысты ішкі нарықтағы жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Қолда бар астық көлемі ұн тарту, мал және құс шаруашылығы сынды негізгі салалардың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы АШМ жанындағы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы хабарлады.

Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықты бидаймен тұрақты қамтып отыр
Фото: Азық-түлік келісімшарт корпорациясы

Мекеме қазіргі таңда түрлі кластағы бидайды сатуды жалғастырып отыр және мүдделі сатып алушыларға астықты нарықтық бағамен ұсынуға дайын.

2025 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша:

  • 3-класс бидайдың орташа бағасы (ҚҚС-пен) — тоннасына 100 000 теңге

  • 4-класс бидай — тоннасына 95 000 теңге

2024 жылдың күзінде мол өнім мен ұсыныстың артуына байланысты баға төмендеген болатын. Алайда 2025 жылдың көктемінен бастап, өңдеу кәсіпорындары мен трейдерлер тарапынан сұраныс артып, баға біртіндеп өсе бастады. Дегенмен, бағаның көтерілуі сатып алу белсенділігіне елеулі әсер еткен жоқ.

Жыл басынан бері ұлттық оператор 483,6 мың тонна астық өткізді. Оның негізгі тұтынушылары — ұн тарту кәсіпорындары, қайта өңдеу зауыттары, мал және құс шаруашылықтары.

Бүгінгі күні корпорацияның қорында 1,1 миллион тонна астық бар. Оның ішінде:

  • 500 мың тонна — азық-түлік қорына

  • 200 мың тонна — мал азығына арналған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі бидай қоры — 7,37 млн тонна. Бұл көрсеткіш жылдық ішкі қажеттілік (шамамен 6 млн тонна) көлемінен асып түседі.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2024 жылдың сәуірінен бастап бидайды тауарлық биржа арқылы сатуға көшті. Мұндай тәсіл сатып алушылардың корпорация ресурстарына ашық әрі әділ қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Компания барлық нарық қатысушыларын ресми сауда алаңы арқылы астық сатып алуға шақырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін АШМ астық қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бергенін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар