«Азия Авто» 10 жылдық мерейтойын атап өтті, осы уақытқа дейін зауыттан 500 мың отандық автомобиль шықты

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - 9 желтоқсан күні «Азия Авто» қазақстандық автомобиль құрастыру зауыты алғашқы мерейтойын атап өтті.

«Азия Авто» 10 жылдық мерейтойын атап өтті, осы уақытқа дейін зауыттан 500 мың отандық автомобиль шықты

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

10 жыл бұрын зауыттан алғашқы отандық машина құрастырылып шықты. Бұл оқиға қазақстандық заманауи өнеркәсіптің анағұрлым болашағы бар салаларының біріне қарқын берді. Өткен он жыл ішінде республикада жаңадан төрт автоқұрастыру зауыты ашылды, бірақ өскемендік «Азия Авто» зауытының атауы қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің синонимі болып қала беруде.  

Қысқа уақыт ішінде  компания «Renault-Nissan-АВТОВАЗ», «Skoda Auto», «General Motors» және «KIA Motors» сынды ірі әлемдік автоконцерндердің стратегиялық серіктесіне айналды.  Зауыт өнімдерін сатып алушылар саны жыл сайын екі еседен астамға артып отырады. «Азия Авто» шығаратын Lada, Skoda, Chevrolet және KIA көліктеріне деген сұраныс ағымдағы жылы рекордты көрсеткішке жетті.

Зауыт облыс өмірінде де айтарлықтай рөл атқаруда, кәсіпорын іске қосылғалы бері өңір бюджеті 2,2 млрд. теңгеге толықты, ал «Азия Авто» өнімінің құрамындағы қазақстандық қамту 24 млрд. теңгеден асты. Бүгінде кәсіпорынның өнімділігі қазақстандық машина құрастыру саласы үшін рекордты көрсеткішке жетті - бір жұмыскерге 486 АҚШ доллардан келеді.

«Біз мықты команданы қалыптастырдық, әлемдік ірі төрт концернмен серіктестік қатынастар құрдық, дағдарысты еңсердік және ең бастысы, отандық автокөліктерді сатып алушылардың сеніміне ие болдық», - деді «Азия Авто» АҚ президенті Ержан Мандиев.

Өндіріс көлемі кәсіпорын іске қосылғалы тек алғашқы жеті жылда  6 млрд. АҚШ доллар сомасына 500 мың автомобильді құрады. Бұл Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік өндірісінің жылдық көлеміне пара-пар.

«Renault-Nissan-АВТОВАЗ» альянсымен жасалған серіктестік келісімдерге сәйкес, болашақта зауыт өнімдері тек отандық сатып алушыларға ғана бағдарланбайтын болады. Өнімнің жартысынан астамы Ресейдің Сібір, Алыс шығыс өңірлерінде, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ маңы елдерінде кепілді сауда нарығына шығатын болады.