Азия чемпионаты: қазақстандық сегіз боксшы жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкент қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық сегіз спортшы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, 52 кг салмақта ширек финалдық бәсекеде Азамат Исақұлов малайзиялық Абдул Салам Касимды ұпай санымен ұтты. Содан кейін Абылайхан Жүсіпов жартылай финалға жолдама алды. Ол мамандар «қазақ салмағы» деп атап кеткен 69 келіде қытайлық Вей Люді тізе бүктірді. Өткен жылы бұл салмақта Батыс Қазақстан боксының түлегі Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасының чемпионы атанып, кейін кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Енді жиырма жасар Абылайханның сол Даниярдың орнын басар деген үміт бар. 81 кг салмақта қос бірдей Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен Рио додасынан кейін осы салмаққа ауысқан Жәнібек Әлімханұлы жарақат алып қалғандықтан, Ташкентке ел намысын қорғауға Ерік Әлжанов аттанған еді. Ол ширек финалда пәкістандық Али Авайс Ханды 5:0 есебімен жеңді.

Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев үндістандық Сатиш Кумардан 5:0 есебімен басым түсті.  

Еске сала кетейік, бұған дейін 75 кг салмақта Әбілхан Аманқұл сириялық Абдул Азизды үш мәрте нокдаунға жіберіп, жекпе-жегін бірінші раундта-ақ жеңіспен аяқтаған болатын. Сондай-ақ Қайрат Ералиев (56 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) және Василий Левит (91 кг) жартылай финалға жолдама алса, тек Ержан Жомарт (49 кг) пен Әділет Құрметов (60 кг) қана жарысты ерте аяқтап, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Соңғы жаңалықтар